Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры мен бас инженері қызметінен босатылды. "ҚазМұнайГаз" комиссиясының жұмысынан кейін осындай шешім қабылданды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Атырау мұнай өңдеу зауытындағы ахуалға байланысты құрылған комиссия жұмысының нәтижесін жария етті.
"Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры Ғалымжан Жусанбаев пен бас директордың орынбасары – бас инженер Әділет Шошанбасовты қызметтерінен босату туралы шешім қабылданды. Бас директордың міндетін атқару әрі қарай шешім қабылданғанға дейін Атырау мұнай өңдеу зауыты бас директорының орынбасары – техникалық директор Олег Александрович Лызловқа жүктелетін болады", -деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Зауыт мұнай өнімдерін өндіруді және жөнелтуді штаттық режимде жалғастырып жатыр.
Еске сала кетелік, бұған дейін АМӨЗ атқарушы директоры Ғалымжан Жусанбаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басшылығы оған зауыттағы жағдай туралы бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеуге тыйым салғанын мәлімдеген болатын.