"Тоқаевқа жемқорлардың тізімін беріңіз...". Танымал заңгер министр Ермекбаевқа үн қатты

Dalanews 27 там. 2021 13:30 957

Заңгер Айгүл Орынбек Жамбыл облысындағы жарылыстан кейін Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа үн қатты. Заңгер генералдан отставкаға кетпей тұрып есеп беруін талап етті. 

“Генерал Ермекбаев! Отставкаға жай кетпей бүкіл тендер ұтқан генералдар мен шенеуніктердің туысқандарын айтып кетіңіз! Ел білу керек еліміздегі жемқор батырларды!

Мың министр ауысса да, бәрібір нәтиже болмайды! Себебі әскери қорғанысты жемқорлық жаулап емес, ұя салып торлап алған! Кез келген елді басып алу үшін ең бірінші қару жарамақ қоймасын өртейтінін тарихтан білеміз.

Арыстағы қойма жарылғанда Ермекбаев “бүкіл ауыл аймаққа жақын қоймалар көшіріледі және тексеріліп қатаң бақылауда болады” деп уәде берген еді. Халықтың көбісі біле бермейтін шығар әскерге миллиардтаған емес триллиондаған ақша бөлінетінін”, – деп жазды қоғам белсендісі желіде.

Заңгер әскери салада қомақты қаржы бөлінетінін, алайда оның барар жеріне жетпе қалтаға кететінін айтып қынжылды. Осы ретте қару-жарақ қауіпсіздігіне бөлінген қаржылар тендерді жою керек деген ұсынысын жеткізді. 


“Қару-жарақ қауіпсіздігіне бөлінген қаржылар тендер арқылы ойнатылып, өртті алдын алатын құрғылардың арзаны орнатылып нәтижесінде тұтанған затты сезбей жарылыс болатынын бірі білсе, бірі білмес. Арыстағы жарылыстан соң сабақ алмадық, мемлекетіміздің қорғанысы саласында тендерді алып тастау керек!

Әскери саладағы көптеген жемқорлықпен таныспын! Әскерилердің тамағы, тіпті тегін берілетін киімдері, пәтерақыларына дейін жемқорлық жайлаған!

Барлығы тендермен ойнатылады, тендерді ұтатындар сол шенеуніктердің туысқаны. Әскери сарбаздар быламақ жеп жатса да оларға бәрібір. Көп дүние жазуға, ашынып тұрып айтуға болар еді. Қорғаныс саласы еліміздің қауіпсіздігіне қатысты болған соң осымен тоқтайын!”, – деді ол.

Айгүл Орынбек мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсат келтіретін ақпараттарды жариялауды сақтықпен қарауды ескертті.

“Бізді шет ел тыңшылары да оқып отыратынын ұмытпауымыз керек. Әсіресе әскери қорғанысқа қатысты видео мен суреттер таратар кезде мемлекетіміздің қауіпсіздігін ойлаңыздар! Бізге талибандар келіп әуре болмай-ақ қойса болады, іштегі жемқор талибандар жетіп жатыр!”, – деп жазды заңгер.

Ал генерал Ермекбаев мырзаға айтарым –  нағыз елін сүйетін офицер болса, бүкіл жемқорлардың тізімін ел алдына шығармасаңыз да, президентке ашып айтып кетіңіз!”, – деп жазды заңгер.

 

https://dalanews.kz/bas-takyryp/67012-bozhko-lipovtyng-qazaqstanda-orystild

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар