Қазақстан аспанында ұшақ апат сигналын берді: Шұғыл қонудың себебі белгілі болды

Қазақстан аспанында ұшақ апат сигналын берді: Шұғыл қонудың себебі белгілі болды
Фото: Getty Images

Қазақстан әуе кеңістігінде апат сигналын берген ресейлік S7 әуе компаниясының ұшағы Омбы қаласындағы қосалқы әуежайға қонды. Құқық қорғау органдары әуе кемесінің шұғыл қонуына не себеп болуы мүмкін екенін айтты, деп dalanews.kz тілшісі ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға Новосибирск – Махачкала бағыты бойынша рейс орындап жатқан жолаушылар ұшағында болған.

Әуе кемесі Қазақстанның әуе кеңістігінде ұшып бара жатқан кезде экипаж апат сигналын берген. Кейін ұшақ бағытын өзгертіп, Ресейдің Омбы қаласындағы қосалқы әуежайға қонған.

Ұшақ не себепті шұғыл қонды?

ТАСС агенттігіне құқық қорғау органдарындағы дереккөздер ұшақтың шұғыл қонуына қозғалтқыштағы май деңгейінің төмендеуі себеп болуы мүмкін екенін хабарлаған.

"Алдын ала себеп – қозғалтқыштағы май деңгейінің төмендеуі. Мұндай жағдайда экипаж қосалқы әуежайға бағыт алуға міндетті", – деді агенттік дереккөзі.

Осылайша, ұшқыштар қозғалтқыш жұмысына қатысты ықтимал техникалық ақауға байланысты қосалқы әуежайға қону туралы шешім қабылдаған.

Әзірге қозғалтқыштағы май деңгейінің неліктен төмендегені туралы нақты ақпарат жарияланған жоқ.