«Қонаев – Талдықорған» тасжолында орташа жылдамдықты бақылау басталады

«Қонаев – Талдықорған» тасжолында орташа жылдамдықты бақылау басталады
ҚазАвтоЖол.

2026 жылғы 21 қазаннан бастап Қонаев – Талдықорған тасжолында көліктердің орташа қозғалыс жылдамдығын бақылау жүйесі іске қосылады. Осылайша, республикалық маңызы бар жолдардағы мұндай бақылау жүргізілетін учаскелердің саны 16-ға жетеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының хабарлауынша, жүйе көліктің бақылау аркалары арасындағы орташа жылдамдығын есептейді. Камералар көліктің белгіленген нүктелерден өткен уақытын тіркейді, содан кейін жүріп өткен қашықтық ескеріле отырып, орташа жылдамдық анықталады. Сондықтан камераның алдына жеткенде жылдамдықты төмендету бұзушылықты тіркеуден құтқармайды. Егер жүргізуші бақыланатын жол учаскесінде белгіленген шекті жылдамдықтан асып кетсе, жүйе заңбұзушылықты анықтай алады.

«ҚазАвтоЖол» деректеріне сәйкес, 2026 жылдың басынан бері республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында орташа жылдамдықты асырудың 550 мың дерегі тіркелген. Ал жылдамдықты белгілі бір сәтте өлшеу арқылы тағы 163,5 мың заңбұзушылық анықталған. Жалпы, жылдамдық режимін бұзудың 713 мыңнан астам дерегі тіркелді.

Қазақстанның республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында орташа жылдамдықты бақылау жүйесі 2025 жылғы 17 наурыздан бастап жұмыс істейді. Бастапқыда жүйе жалпы ұзындығы 3 мың шақырымға жуық ақылы жолдың 11 учаскесін қамтыды. Олар: Астана – Щучинск, Астана – Павлодар, Астана – Теміртау, Шымкент – Қызылорда, Шымкент – Тараз, Павлодар – Семей – Қалбатау, Орал – Ресей шекарасы (Саратов), Павлодар – Ресей шекарасы (Омбы), Алматы – Қорғас, Көкшетау – Петропавл және Ақтөбе – Қандыағаш бағыттары.

2026 жылғы 13 қазаннан бастап орташа жылдамдықты бақылау тағы төрт бағытта енгізілді. Олар – Орал – Ресей шекарасы (Самара), Ақтөбе – Ресей шекарасы (Орынбор), Қостанай – Денисовка және Қандыағаш – Мақат тасжолдары.

Қонаев – Талдықорған бағыты жүйеге қосылғаннан кейін республикалық жол желісінде орташа жылдамдық бақыланатын учаскелердің жалпы саны 16-ға жетеді.

Ұлттық компания өкілдері бақылау жүйесін кеңейтудің мақсаты жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жүргізушілердің тәртібін қалыптастыру екенін атап өтті. Осыған байланысты «ҚазАвтоЖол» жүргізушілерді бүкіл жол бойында белгіленген жылдамдық режимін сақтауға шақырды.