Тоқаев жазушы Валерий Михайловты І дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттады

Тоқаев жазушы Валерий Михайловты І дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттады
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халық жазушысы Валерий Михайловты І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Ақорда мәліметінше, жазушы бұл жоғары наградаға отандық әдебиеттің дамуына қосқан айрықша үлесі үшін ие болды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Валерий Михайловқа құттықтау жеделхатын жолдап, оны 80 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Президент жазушының ұзақ жылдар бойы еліміздің беделді басылымдарында еңбек еткенін, «Казахстанская правда» газеті мен «Простор» журналын басқарғанын атап өтті.

«Табиғи талантыңыз бен еңбекқорлығыңыздың арқасында шығармашылық жолыңызда ерен табысқа қол жеткіздіңіз. Ұзақ жылдар бойы еліміздің беделді басылымдарында жемісті еңбек етіп, “Казахстанская правда” газеті мен “Простор” журналын басқардыңыз», – делінген құттықтау жеделхатында.

Қасым-Жомарт Тоқаев Валерий Михайловтың бірнеше буын оқырманға жақсы таныс шығармалары Қазақстан әдебиетінің маңызды бөлігіне айналғанын да атап өткен.

Валерий Михайлов 1946 жылы 7 қыркүйекте Қарағанды қаласында дүниеге келген. Ол Қазақ политехникалық институтының геофизика факультетін тәмамдап, кейін республикалық басылымдарда еңбек еткен. 1997 жылдан «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы қызметін атқарса, 2003 жылдан «Простор» журналына жетекшілік еткен. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы болған.

Жазушы қазақ қаламгерлерінің бірқатар шығармасын орыс тіліне аударған. Оның «Хроника великого джута» деректі повесі мен бірнеше өлеңдер жинағы жарық көрген. Валерий Михайлов – Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, бұған дейін «Парасат» орденімен және медальдармен марапатталған.