Тоқаев заңсыз қаржы айналымына қарсы шараларды күшейтуді тапсырды

Қаракөз Амантай 28 қаң. 2026 16:25

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев капиталдың заңсыз сыртқа шығарылуы мен кірістерді жылыстату елдің экономикалық қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретінін мәлімдеді. Президент бұл туралы жаңа салық саясатының іске асырылу барысына арналған жиында айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тоқаевтың айтуынша, жаңа салық саясаты күшіне енгеннен кейін нақты айналымды жасыру мақсатында қолма-қол төлем көлемінің артқаны туралы мәліметтер түскен.

“Бөлшек саудамен айналысатын саудагерлер тауардың ақысын қолма-қол ақшамен немесе аударым арқылы төлегеніне қарай салық сомасын шегеріп, екі түрлі баға айта бастады. Бұған, әрине, көз жұма қарауға болмайды. Өйткені мұндай әрекеттер мемлекеттің салықты әкімшілендіру тетіктерін жетілдіру бағытындағы еңбегін зая кетіреді”, - деді ол.

Сонымен қатар Президент заңсыз криптовалюта операциялары арқылы капитал шығару өзекті мәселеге айналғанын айтты. Оның мәліметінше, бүгінге дейін 62 миллиард теңгеден астам қаржы айналымы болған 130 заңсыз криптоалмасу қызметі жойылған.

“Осы істердің аясында 2,6 миллиард теңгенің мүлкіне тыйым салынды”, - деді ол.

Алайда Тоқаевтың айтуынша, әлеуметтік желілерде ақшаны криптовалютаға айырбастауға қатысты жарнамалар әлі де тоқтаған жоқ, бұл мәселенің түбегейлі шешілмегенін көрсетеді.

“Халықаралық ұйымдардың бағалауынша, еліміз сыртқа шығарылған капиталдың көлемі жағынан “көш бастап тұрған мемлекеттердің” бірі. Ал осындай қылмыс үшін сотталғандар жоққа тән. Капиталдың заңсыз сыртқа кетуі экономикалық қауіпсіздігімізге тікелей қатер төндіреді. Агенттік аталған мәселелер бойынша нақты ұсыныс енгізсін”, - деді Тоқаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove