Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев халықаралық олимпиадалар мен ғылыми байқауларда жоғары нәтиже көрсеткен қазақстандық оқушылармен, олардың ұстаздары және тәлімгерлерімен кездесті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Биыл қазақстандық оқушылар 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми конкурсқа қатысып, мыңнан астам медаль жеңіп алды. Оның 200-ден астамы алтын медаль. Президент әсіресе Халықаралық физика олимпиадасында Қазақстанның барлық бес оқушысы да алтын медаль иеленгенін атап өтті.
Ақордаға барлығы 21 лауреат шақырылды. Олардың қатарында физика, химия, биология, математика, информатика, география және лингвистика бойынша 6 алтын, 11 күміс және 4 қола медаль иегері бар.
Қасым Жомарт Тоқаев оқушылардың жетістігі елдің халықаралық беделін арттыратынын айтып, Қазақстанның болашағы білімді, талантты және еңбекқор жастардың қолында екенін атап өтті. Мемлекет басшысы жастарды білім, ғылым, инновация және жасанды интеллект салаларын дамытуға белсенді үлес қосуға шақырды.
Кездесу барысында олимпиада жеңімпаздарын дайындаған педагогтер мен тәлімгерлер де мемлекеттік наградалармен марапатталды. «Құрмет» орденіне Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі Мейрамгүл Кенжеханова мен Алматыдағы №134 лицейдің мұғалімі Ирина Нестеренко ие болды.
«Ерен еңбегі үшін» медалі Астанадағы Edlight Academy әдіскері Жанболат Жолгелдиевке, Қарағандыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі Қарлығаш Жолдыбаеваға, Алматыдағы Haileybury Almaty мектебінің мұғалімі Владимир Жукке және Өскемендегі «Білім-инновация» лицейінің мұғалімі Айгүл Сейтдәулетке табысталды.
Ал «Шапағат» медалімен Қызылордадағы «Білім-инновация» лицей-интернатының мұғалімі Батыр Жарқын, Талдықорғандағы №24 лицейдің мұғалімі Меруерт Абаева, Павлодардағы «Білім-инновация» лицей-интернатының мұғалімі Олжас Амзеев және Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің мұғалімі Бақыт Мамышев марапатталды.
Кездесу соңында Президент олимпиада жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтарға арналған сертификаттарды табыстады. Алтын медаль иегерлеріне 1500 АЕК, күміс жүлдегерлерге 1000 АЕК, ал қола медаль иегерлеріне 500 АЕК мөлшерінде сыйақы беріледі.
Тоқаев халықаралық олимпиадалардағы нәтижелерді Қазақстан жастарының жоғары зияткерлік әлеуетінің көрсеткіші деп бағалап, ұстаздарға дарынды оқушыларды дайындаудағы еңбегі үшін алғыс білдірді.