Тоқаев Ұлытау облысының жаңа әкімін тағайындады

Көркем Алдабергенова 09 қаз. 2024 09:57 3851

Тоқаев Ұлытау облысының жаңа әкімін тағайындады, - деп хабарлайды Dalanews.kz

"Мемлекет басшысының Жарлығымен Дастан Адайұлы Рыспеков Ұлытау облысының әкімі лауазымына тағайындалды, - делінген Ақорданың хабарламасында.

Рыспеков Дастан 1984 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген.Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін және ҚазМЗУ Алматы заң академиясын тәмамдаған. Еңбек жолын 2006 жылы Алматы қаласындағы Экономика және бюджетті жоспарлау департаменті түсімдерді болжау бөлімінің бас маманы ретінде бастаған. 

2007-2016 жылдары Алматы қаласында Экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінде, Алматы қаласы бойынша Тексеру комиссиясында, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінде басшылық лауазымдарда жұмыс істеді. 2016-2018 жылдары - «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» бухгалтерлік есеп және есептілік департаментінің директоры – бас бухгалтері. 2018-2019 жылдары - Павлодар облысы Кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының басшысы.

2019 жылдың сәуір айынан бастап «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Экономика және бюджетті жоспарлау департаментінің директоры қызметін атқарды. 2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді.

Бұған дейін президент Ұлытау облысын  2022 жылдың 11 маусымынан бастап басқарған Берік Әбдіғалиұлын қызметінен босатқан еді. 

Биыл наурызда дереккөздер Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаев пен Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлының тағдыры қызу талқыланып жатқанын жеткізген болатын. 

Дереккөз Ұлытау облысының басшысы болып Берік Әбдіғалиұлы келгелі облыста жемқорлыққа қатысты дау көбейгенін айтады.

«Басында Сәтбаев әкімі ұсталды, кейіннен облыстық мәдениет басқармасының басшысы да ұсталды. Қазіргі заңнама бойынша ол (Берік Әбдіғалиұлы) отставкаға кетуі керек. Ұлытау облысында да жүйелі түрде бюджеттің игерілмеуімен байланысты проблемалар болып тұрады: аймақ жеке инвесторларды былай қойғанда бюджет қаражытының өзімен дамымай отыр».

Дереккөз мәліметінше, екі әкімге де жағдайды түзеуге мүмкіндік берілгенімен олар оны пайдаланбаған. Сондықтан алдағы уақытта кадрлық ауыс-түйіс болуы мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар