Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Қазанда өтетін БРИКС саммитіне ұшады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мемлекет басшысының Ресейге рейсі сәрсенбі күні түске жоспарланған.
Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка, Біріккен Араб Әмірліктері, Иран, Мысыр және Эфиопия сияқты тоғыз мемлекеттен құралған БРИКС саммитіне 20 мемлекет басшылары мен әлем көшбасшылары қатыспақ. Сонымен қатар саммитке БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш келді.
Еске салайық, бұған дейін Президентке Қазақстанның БРИКС құрылымына кіру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныстар түскен еді. Бұл туралы Президенттің кеңесшісі - Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли Tengrinews.kzсайтына берген сұхбатында айтты.
Мемлекет басшысы бұл ұсынысты Қазақстанның ұлттық мүддесі тұрғысынан мұқият қарастыруда.
- Жуырда (23-24 қазан күндері) Қазан қаласында БРИКС саммиті өтеді. Бізге белгілі болғандай, аталған құрылымға төрағалық етіп отырған Ресей Президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты форумға қонақ ретінде шақырған.
- Президенттің жұмыс кестесінде оның БРИКС саммитіне қатысуы қарастырылғаны рас. Мемлекет басшысы 24 қазан күні құрылымның "аутрич" форматындағы кеңейтілген құрамда өтетін жиынында сөз сөйлейді.
– Әзербайжан мен Беларусь БРИКС құрамына кіру үшін өтінім беріп қойды. Сонымен қатар ТМД-ның өзге елдері де ынта білдірген болуы мүмкін. Қазақстанның БРИКС-ке қатысты ұстанымы қандай? Біздің еліміз аталған халықаралық құрылымға мүше болуды жоспарлап отырған жоқ па?
- Қазақстан БРИКС-тің даму эволюциясын қызығушылықпен мұқият бақылап отыр. Біздің еліміз осы құрылымның негізін қалаған мемлекет басшыларының қандай да бір алпауыт державаның гегемониясынан азат, әділетті әрі демократиялық әлемдік тәртіп құру туралы бастамасын қолдайды.
Президентке Қазақстанның БРИКС құрылымына кіру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныстар түсті. Халықаралық қауымдастықтың жауапты және беделді мүшесі ретінде біздің елімізге мұндай ұсыныстың түсуі қалыпты дүние.
Бұл ұсынысты Мемлекет басшысының өзі мұқият қарастырып отыр және оның тапсырмасы бойынша тиісті ведомстволар Қазақстанның ұлттық мүдделері тұрғысынан талдау жүргізіп жатыр.
Еліміз құрылымға мүше болуға және осы бірлестіктің даму перспективаларына қатысты басқа да мәселелерді қараудың көп сатылы процесін ескере отырып, қазір және жақын болашақта БРИКС-ке мүше болуға өтініш беруден қалыс қалады.