Тоқаев Раисидің қазасына байланысты жеделхат жолдады

Қаракөз Амантай 20 мам. 2024 14:47 2306

Қасым-Жомарт Тоқаев Иран Президенті Ибрахим Раисидің қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мемлекет басшысы Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раиси мен үкіметтік делегация мүшелерінің Шығыс Әзербайжан провинциясында тікұшақ апаты салдарынан қайтыс болуына байланысты Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан осы елдің Жоғары лидері Әли Хаменеи мен Бірінші Вице-Президенті Мохаммад Мохберге және барша иран халқына көңіл айтты.

"Тікұшақ апаты салдарынан Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раиси мен оның сенімді серіктерінің қайтыс болғаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабыл алдым. Ибрахим Раиси – Иран мемлекеті мен халқының әл-ауқатын арттыруға, мүддесінің мұқалмауына, аймақтағы тұрақтылықты сақтауға өз өмірін риясыз арнаған көрнекті мемлекет қайраткері. Оның қолға алған бастамалары мен жетістіктері халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланғаны баршаға мәлім. Қазақстандықтар Ибрахим Раисиді парасатты басшы, халықаралық деңгейдегі беделді саясаткер, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға зор еңбек сіңірген тұлға ретінде әрдайым есінде сақтайды. Марқұмдардың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын", – деп жазылған жеделхатта.

Еске салайық, бүгін 20 мамырда Иран президенті тікұшақ апатынан қаза тапты. Бұл туралы шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады.

Апат болған тікұшақта Иран президенті Эбрагим Раиси мен елдің сыртқы істер министрі Хосейн Амир-Абдоллахян де болған. Қайғылы оқиға жексенбі күні болған.

Тікұшақ Шығыс Әзербайжан провинциясында қалың орман арасында апатқа ұшыраған.

Ұшақта президент пен министрден бөлек бірнеше шенеунік болған.

Құтқарушылар ауа райының қолайсыздығына қарамастан түні бойы тікұшақты іздеу жұмыстарымен айналысты. Олар дүйсенбі таңертең апат болған орынды тапты. 

Бұған дейін Press TV телеарнасы тікұшақ түріктің Akıncı құрылғысы арқылы табылғанын хабарлаған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар