Тоқаев Қазақстанға лақап ат қойғыш депутаттар мен шоумендерді сынға алды

Тоқаев Қазақстанға лақап ат қойғыш депутаттар мен шоумендерді сынға алды
Коллаж: Dalanews.kz
Президент Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында кейбір азаматтардың өз елін келеке-мазақ қылуына алаңдаушылық білдірді. Мемлекет басшысының айтуынша, заң мен тәртіпті нығайту шаралары елді күстаналауға себеп болмауға тиіс.

Президент Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында кейбір азаматтардың өз елін келеке-мазақ қылуына алаңдаушылық білдірді. Мемлекет басшысының айтуынша, заң мен тәртіпті нығайту шаралары елді күстаналауға себеп болмауға тиіс.

Бұл туралы Dalanews.kz хабарлайды. 

“Елді мазақ ету — ақылға қонымсыз әрекет”

Тоқаевтың сөзіне қарағанда, Қазақстан туралы “түрлі лақап ат ойлап табу” және ел имиджін әдейі төмендету үрдісі байқалуда. Оған азаматтық белсенділер, шоу-бизнес өкілдері және тіпті депутаттар да қатысып жатқанына назар аударды.

“Мысалы, өзге елдердің өкілдері жоқ жерден біздің жетістіктерді тауып, халықаралық деңгейде насихаттап жатады. Ал кейбір қазақстандықтар, керісінше, елге түрлі жанама ат беруге әуестеніп барады. Бұл — ақылға сыймайтын әрекет”, – деді Тоқаев.

Заң мен тәртіптің маңызы

Президент “Заң мен тәртіп” қағидасының халық санасына терең орнығуы керектігін айтты. Ол үшін әр деңгейдегі құқық бұзушылыққа “мүлдем төзбеушілік” таныту қажет. Мемлекет басшысы әкімдерге бұл мәселеге баса мән беруге шақырды.

Тоқаев мәжбүрлеу шараларынсыз тәртіп орнату мүмкін еместігін әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғанын атап өтті. Сондықтан мемлекеттің іс-әрекеттеріне түсіністікпен қараған жөн. Дегенмен ол “шектеулер мен айыппұлдар бір жақты болмай, мемлекет пен қоғам белсенділерінің ұстанымы үйлесімді болуға тиіс” деп ескертті.

"Қалай десек те, мемлекет заң тәртібін қамтамасыз ету үшін қабылдайтын шаралар өз елін күстәналауға себеп болмауға тиіс", - деді Мемлекет басшысы.

Жалған ақпарат және алауыздық

Президент жалған ақпарат пен алауыздықтың алдын алу қажеттігін де қозғады. Оның айтуынша, “қоғамдық пікірді манипуляциялау, биліктің беделін түсіру және алауыздық қоздыруға бағытталған” әрекеттер елдің қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.

“Деструктивті контентті таратқаны үшін интернет-платформалардың жауапкершілігін заңнамалық тұрғыдан бекіту мәселесін қарастыру қажет”, – деді Тоқаев.

Саяси сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы диалогты күшейтіп, заңды құрметтеу мәдениетін нығайту — тұрақтылық пен дамуға бастайтын маңызды қадам болмақ. Ал Тоқаевтың мәлімдемелері ел ішіндегі сынға толы пікірталаста “мемлекет абыройын қорғау” қағидатын алға тартуды көздейтінін айғақтайды.