Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тоқаев бұл күннің ел тарихындағы маңызына айрықша тоқталды.
"Құрметті отандастар!
Тәуелсіздік күні құтты болсын!
Бұл мерекенің еліміз үшін мән-маңызы айрықша. Осы күні халқымыз Қазақстанды егемен ел ретінде дамыту жолында ерікті әрі түпкілікті таңдау жасады.
Тәуелсіздік бәрінен қымбат! Біз бабалар рухына тағзым етіп, өскелең ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілікті сезіне отырып, осы ұстанымға адал боламыз", - деді ол.
Сондай-ақ ол азаматтардың ынтымағы мен бірлігі, өзара қолдауы мен қажырлы еңбегінің арқасында еліміз Тәуелсіздікті нығайту жолында елеулі жетістіктерге жеткенін атап өтті.
"Қазір бүкіл әлем жылдам өзгеріп жатыр. Түрлі сынақтармен қатар, тың мүмкіндіктерге толы жаңа тарихи дәуір басталды.
Мұндай жағдайда біз жас және озық ойлы ұлт ретінде болашаққа зор үмітпен және нық сеніммен қарап, берекелі бірлігімізді сақтауымыз керек. Еліміздің жаһандық деңгейдегі беделі мен бәсекеге қабілетін арттырып, Қазақстанды көркейген мемлекет ретінде дамыту үшін аянбай еңбек етуіміз қажет.
Қазір жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалардың нәтижесінде зор табысқа жетеміз деп сенемін. Жан-жақты жаңғыруға бағытталған стратегиялық бағдарымыздан ауытқымай, Әділетті, Күшті, Таза, Қауіпсіз Қазақстанды құрамыз.
Баршаңызға мол бақыт, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!
Қастерлі Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!", - деп мәлімдеді мемлекет басшысы.
