Бұл жолы әріптесіміз Жайна Сламбекқызы әлеуметтік желілерде сөз болған дүниелер айналып өткен жоқ.
«Сіздің алдыңғы сұхбатыңыз орыс тілінде болды. Баспасөз хатшыңыздың айтуынша, ол сұхбат халықаралық аудиторияға арналған. Бұл жолы қай аудиторияға арналады? Осындай бөле-жару қазақ тілін кемсіту болып есептелмей ме?» деген сауалына Тоқаев жауап берді.
– Бұл ешқандай да кемсітушілік немесе менсінбеушілік емес. Осыған дейін көптеген телеарна менен бірнеше рет сұхбат беруді сұраған болатын. Мен олардың ешқайсысына келіскен жоқпын.
Кейін тек «Хабар» арнасына ғана сұхбат беремін деп шештім. Себебі ел ішінде көптеген жалған ақпарат тарап жатты, соларға тоқтау салу керек болды.
Сол сұхбат орыс тілінде жасалды. Өйткені, Қазақстандағы ахуал жөнінде шынайы ақпаратты, ең алдымен, әлем жұртшылығына беру керек еді. Содан кейін шетелдік ақпарат құралдары сұхбатты кеңінен таратып, барынша пайдаланды. Оны өзіңіз білесіз.
Қалай десек те, орыс тілі – Біріккен Ұлттар Ұйымының алты ресми тілінің бірі. Оны мойындауымыз керек. Ал, қазақ тіліндегі сұхбаттың өз аудиториясы бар. Жалпы, мемлекеттің мәселесін мемлекеттік тілде айтуымыз керек. Тіліміз бізден басқа ешкімге керегі жоқ. Сондықтан, ең алдымен, өзіміз ана тілімізге құрмет көрсетуіміз керек деп ойлаймын, – деді Президент.