Қазақстан жаңа өнімнен 8,9 млн тонна астық экспорттады. Бұл былтырмен салыстырғанда 12,6%-ға көп. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Өзбекстанға экспорт көлемі 14%-ға өсіп, 6,6 млн тоннадан 7,5 млн тоннаға жетті. Қырғызстан бағыты бойынша экспорт 1,8 есеге ұлғайып, 194 мың тоннадан 354 мың тоннаға артты.
Ауғанстанға астық жөнелту 24%-ға көбейіп, 1,1 млн тоннадан 1,3 млн тоннаға жетті. Түрікменстанға экспорт көлемі 1,5 есеге өсіп, 94 мың тоннадан 145 мың тоннаға дейін ұлғайды.
Биыл Қазақстанның экспорттық әлеуеті 13 млн тоннаға бағаланып отыр. Елде рекорд өнім жиналып, жалпы астық көлемі 27,1 млн тоннаға жетті. Оның ішінде бидай 20 млн тоннадан асады.
2024-2025 жылы Қазақстан 13,4 млн тонна астық экспорттаған. Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 47%-ға жоғары әрі кейінгі 20 жылдағы ең үлкен көрсеткіш.
