Семей қаласының 27 жастағы тұрғыны полицияға шындыққа жанаспайтын хабарлама жолдағаны үшін жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Полиция департаментінің мәліметінше, 17 наурыз күні кешкі сағат 20:00 шамасында call-орталыққа Гастелло көшесінде орналасқан өндірістік цехты су басты деген хабар түскен. Хабарламаға сәйкес, оқиға орнына жедел қызметтер дереу жіберілген.
Алайда тексеру барысында аталған мекенжайда ешқандай төтенше жағдай болмағаны анықталды. Су басу фактісі тіркелмеген.
Кейін белгілі болғандай, хабарлама авторы өз сөзін дәлелдеу үшін жолдаған фотосуреттерді жасанды интеллект арқылы жасап, шынайы жағдай ретінде көрсеткен. Яғни ұсынылған материалдар шындыққа сәйкес келмеген.
Жүргізілген тексеру нәтижесінде азаматтың жеке басы анықталып, оның жалған ақпарат таратқаны дәлелденді. Қазіргі таңда ол заң талаптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
