Қазақстанда мемлекеттік наградалар қатары тағы екі жаңа марапатпен толықпақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Шәмші Қалдаяқов" медалін және "Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі" құрметті атағын енгізу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Айбек Смадияр хабарлады.
Оның сөзінше, мәдениет пен өнер елдің ұлттық бірегейлігін сақтауда ерекше рөл атқарады. Сондықтан төл мәдениетті қолдау мен дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.
Айбек Смадияр Президенттің осыған байланысты мемлекеттік наградалар тізіміне жаңа марапаттарды енгізу жөнінде шешім қабылдағанын жеткізді.
"Шәмші Қалдаяқов" медалі мен "Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі" атағы музыка, бейнелеу өнері және жалпы ұлттық мәдениетті дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтарға беріледі.