Тоқаев мәлімдемесінде: «Ақша бар, азық-түлік жеткілікті»

Dalanews 16 нау. 2020 08:41 201

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев телеарнадан қазақстандықтарға үндеу жариялай отырып, елді сабырға және бір айға созылатын төтенше жағдайға түсіністікпен қарауға шақырды.

«Президент жанынан мемлекеттік комиссия құрылды. Оны Премьер-министр басқарады. Барлық қажетті алдын алу шаралары жүзеге асырылады. Қоғамдық тәртіп қатаң бақылауға алынады. Көптеген азаматтарымыздың алдағы мереке күндеріне орай жоспар құратынын түсінемін. Азаматтарымыздың отбасылық шараларды өткізбегені жөн деп санаймыз»,  –  деген Президент сақтық шаралары мәжбүрлі әрекет екеніне тоқталып өтті.

Ел ірі сауда нысандарының жұмысын шектеуге мәжбүр. Бірақ азық-түлік дүкендері мен базарлар өз жұмысын жалғастыра береді.

– Мемлекеттік шекара бойындағы өтізу бекеттерінде, әуежайларда, вокзалдарда санитарлық режим күшейтілді. Менің тапсырмам бойынша Үкіметтің қорынан қаражат бөлінді. Ауруханаларда орын жеткілікті. Осы шаралардың барлығы азаматтардың денсаулығы үшін жасалып отырған өте маңызды қадамдар. «Сақтанғанды Құдай сақтайды». Бұл індетпен күресуге толық мүмкіндігіміз бар екенін баса айтқым келеді. Бұл уақытша дүрбелең, бұл дағдарысты абыроймен өткеруіміз керек. Әр адам барынша сақтанып, вирустың тараламауына атсалысуы керек. Еліміздің барлық азаматы уәкілетті органдардың қызметіне қолғабыс етеді деп сенемін, – деді үндеуінде Қасым-Жомарт Тоқаев.


Тоқаев қысылтаяң сәтте бизнесті қолдауға қанша қаражат бөлінетінін айтты.

«Отандық кәсіпкерлерді қолдап, жаңа жұмыс орындарын құру үшін кемінде 30 млрд теңге бөлінеді. Бизнесті кредиттеу деңгейін төмендетуге болмайды. Ішкі нарықты толтырып, өндірісті ынталандыру үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын қаржыландыру жалғасады», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Телевизиялық үндеуінде Президент коронавируспен күресу үшін Қазақстанның қорында ақша бар екенін және азық-түлік қоры да жеткілікті екенін атап өтті.

«Біз ел-жұртты дүрліктіретін, арандататын әрекеттерге тыйым саламыз. Жалған ақпарат таратып, дүрбелең туғызатындар жауапкершілікке тартылады», - деді Тоқаев.


Естеріңізге сала кетсек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты, ҚР Президентінің Жарлығымен азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылғы 16 наурыз 08 сағат 00 минут пен 2020 жылғы 15 сәуір 07 сағат 00 минут аралығында төтенше жағдай енгізілді. Сондай-ақ Қазақстан азаматтарына 15 сәуірге дейін ел аумағынан шығуға тыйым салынды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар