Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жүлде алған қазақстандық спортшылар мен олардың бапкерлерін марапаттады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тәуелсіздік сарайында өткен салтанатты жиында Мемлекет басшысы ұлттық құрама мүшелерін жарқын жеңістерімен құттықтап, олардың Қазақстанның ұлттық спорттағы абыройын әлемге танытқанын атап өтті.
«Әлемнің 100-ден астам елінен келген спортшылармен бәсекеге түсіп, көк байрағымызды биікке көтеру – нағыз ұлт перзенттеріне тән асыл қасиет. Ұлттық командамыз ел үмітін толығымен ақтады деп айтсақ, әділеттікке сай сөз болады. Мен Президент ретінде баршаңызға Отанымызға әкелген рухты жеңістеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздерге тұтас халқымыз жанкүйер, тілекші болды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ұлттық құраманың жалпыкомандалық есепте бірінші орын алуын ел мерейін өсірген маңызды жетістік деп бағалады.
Қазақстандық спортшылар Көшпенділер ойындарында жалпы 74 медаль жеңіп алды. Оның 32-сі – алтын жүлде.
«Осы тамаша жеңіс қазақтың рухы биік, жігері мықты, нағыз жеңімпаз ұлт екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев спорттың басты міндеттерінің бірі халықтар арасындағы өзара құрмет пен достықты нығайту екенін де атап өтті. Оның айтуынша, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жарыстар әділ өткен.
Президент осы орайда Қырғызстан Президентіне ризашылығын білдірді.
Салтанатты жиын барысында Көшпенділер ойындарында ел намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көрінген спортшылар мен олардың бапкерлеріне мемлекеттік марапаттар табысталды.