Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған салтанатты рәсімге қатысып, журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Президент журналистиканы қоғамның үні әрі мемлекеттің маңызды тіректерінің бірі деп атап, ақпарат саласы өкілдерінің ел дамуындағы рөліне жоғары баға берді.
«Бұл кәсіби мерекенің еліміз үшін орны ерекше. Журналистің басты миссиясы – қоғамды ақпараттандыру, халықтың мұң-мұқтажын жеткізу. Сіздер жұртшылықты толғандырған ең өзекті мәселелерді көтеріп, ел мүддесіне адал қызмет етіп келесіздер. Қазіргі жаһандық технологиялар дәуірінде бұқаралық ақпарат құралдарына халықты жедел, сапалы әрі шынайы ақпаратпен, объективті сараптамамен қамтамасыз ету міндеті жүктеліп отыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, жаңа цифрлық платформалардың қарқынды дамуына қарамастан, дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы жойылмайды.
«Біз дәстүрлі газеттер мен телеарналардың заман талабына сай өзгеріп, жаңа форматтарды меңгеріп, инновациялық мультимедиалық платформаларға айналып жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан дәстүрлі БАҚ өзінің қоғамдағы маңызды орнын сақтайды», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев журналистердің жаңа Конституцияны қабылдау кезеңіндегі еңбегіне де тоқталды.
«Қазақстандық журналистер өздеріне жүктелген жауапкершілікті терең сезініп, кәсіби міндеттерін мінсіз атқарды. Наурыз айында біз конституциялық реформаны сәтті өткіздік. Жалпыхалықтық референдумда азаматтарымыз тарихи таңдау жасап, еліміздің болашағын айқындады. Соның нәтижесінде жаңа Конституция қабылданды», – деді Президент.
Салтанатты жиын барысында БАҚ саласының бірқатар қызметкері мемлекеттік наградалармен марапатталды. Сонымен қатар 66 журналистке жаңа пәтердің кілті табысталды. Бұл бастама ақпарат саласы қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларының бірі ретінде бағаланды.