Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусинді қабылдады, деп хабарлайды Dala news.
Ақорданың мәліметінше, кездесу барысында Президентке компанияның қызметі және соңғы екі жылда жүзеге асырылған негізгі инфрақұрылымдық және технологиялық жобалардың нәтижелері туралы баяндалды.
Бағдат Мусиннің айтуынша, бүгінде «Қазақтелеком» 1,75 миллионнан астам үй шаруашылығына қызмет көрсетеді. Компания ел аумағында талшықты-оптикалық желіні жүйелі түрде кеңейтіп, телекоммуникация нарығының негізгі сегменттерінде көшбасшылық орнын сақтап отыр.
Сондай-ақ елді мекендерді сапалы байланыспен қамту жұмыстары жалғасуда. Жоспар бойынша 2027 жылдың соңына дейін халқы 1 миллионнан асатын 3 мыңнан астам ауыл сапалы байланыс қызметімен қамтамасыз етіледі.
Кездесуде «Каспий ТОБЖ» халықаралық жобасының жүзеге асырылуы туралы да айтылды. Жоба Ақтау – Сумгаит бағыты бойынша суасты талшықты-оптикалық байланыс желісін салуды көздейді. Бұл бастама Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, Еуропа мен Азия арасында жаңа цифрлық дәліз қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар деректерді өңдеу инфрақұрылымын дамыту мәселесі талқыланды. Екібастұз қаласында «Деректерді өңдеу орталығы алқабы» стратегиялық жобасы аясында қуаты кезең-кезеңімен ұлғайтылатын заманауи орталық салынып жатыр.
Бағдат Мусин жасанды интеллект технологияларын енгізуге басымдық берілетінін айтты. Компания корпоративтік процестерді автоматтандыруға арналған ЖИ-агенттерді әзірлеу, киберқауіпсіздік шешімдерін жетілдіру және мемлекеттік секторды цифрландыру бағытында бірқатар жобаны іске асыруда.
Өз кезегінде Президент шағын қалалар мен ауылдарды сапалы байланыс және интернетпен қамтамасыз етудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ цифрландыру мен жасанды интеллект салаларындағы инвестициялық жобаларды уақытылы жүзеге асыруды тапсырды.
