Алматы әуежайында қылмыскерді ұстауға көмектескен ер адам мемлекеттік наградаға ұсынылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай желідегі парақшасында осылай деп жазды.
“Президент қылмыскердің суық қаруын тартып алып, ұстауға көмектескен ер адамның батылдығын ерекше атап өтіп, аталған азаматты мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырды” деді баспасөз хатшысы.
Козачков телеграм-арнасының жазуынша, ол полиция қызметкері емес – оқиға орнына кездейсоқ тап болған және [қызметкерді босатып], өзін кепілдікке алуды ұсынған. Видеода оның пышақты үшкір жағынан жылдам тартып алғаны көрінеді.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда ер адам әуежай қызметкерін кепілге алғанын жазған едік.
Әуежай өкілдерінің сөзінше, оқиға бүгін, 7 наурызда әуежайдың ұшу алдындағы тексеру аймағында болған.
Сағат 11:45 шамасында өзін жолаушы ретінде таныстырған ер адам ішкі терминалдағы (Т1) рейс алдындағы тексеру аймағына келген. Алматы халықаралық әуежайының авиациялық қауіпсіздік қызметінің скрининг қызметкерлері ер адамнан құжаттарын көрсетуді сұраған, бірақ ер адам скрининг офицерін шашынан ұстап алып, пышақпен қорқыта бастаған.
7 минуттан кейін әуежайдың желілік полиция бөлімінің (LPD) қызметкерлері және Алматы халықаралық әуежайының авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері ер адамның пышағын тартып алған.
Қазіргі уақытта ер адам полиция бөлімінде, құқық қорғау қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.