ТІЛСІЗ ЖАУ

Dalanews 27 қаз. 2014 07:14 486

Елімізде не аз? Орман аз! Аз орманды көбейту, сақтау, барша қазақстандықтардың міндеті. Сондықтан әрбір азамат орманда жүргенде өрттің тұтануынан сақтанып, ондай жағдайды байқаған кезде сөндіріп, яки болмаса өрт сөндіру мекемелеріне жедел түрде хабарлаулары керек. Себебі, орман баршамыздың ортақ байлығымыз.

Орман ел экономикасын дамытуда, айналадағы ортаны жақсартуда, халықтың  әл-ауқатын арттыруда зор рөл атқарады. Орман табиғаты біздің баға жетпес құндылығымыз, оны қорғап сақтап қалу бүкіл адам баласының парызы. Оның адам өмірінен алар орны ерекше. Орман – жер шарының тынысы, тамақ пен шикізат қоры, ол – дәрі, ол – денсаулық кепілі. Оның адамзатқа тигізер пайдасын бағаламау мүмкін емес. Осы табиғаттың бізге сыйлаған баға жетпес байлығын келер ұрпаққа қалай сақтап жеткізуміз керек екенін ойламай, немқұрайлы көзқараста қалып отырған жоқпыз ба?!

Ормандағы ағаштарды еш ойланбастан кесеміз, демалушылар жас өскін ағаштарды сындыра салады, гүлдерді жапырып тастайды. Тұп-тұнық тұмалар мен өзендерге машина жуып, өнеркәсіп орындары улы керексіз заттарын ағызады, сөйтіп, су көздерін бітейміз.

Ал орманға ең қауіпті – өрт, адамдар қолымен жасалатын өрт.

Өрт жас өскін талшыбықтартардың өз бетінше өркен жаюына,жер қыртысындағы тұқым қорының зақымдалуына, тіпті үлкен ағаштардың құруына әкеп соғады. Өртте жан-жануар, аң-құстар қырылады.

Міне, биыл жаз бойы жаңбырсыз өсімдіктер бойындағы судан айырылып, қурап, сарғайып кетті, осыған сәйкес біздің Медеу филиалы бойынша қауіпсіздік шараларды шұғыл әрі қатаң түрде ұйымдастырды. Филиал көлемінде жаяу және атты кезекші құрылды. Филиал кеңсесінде тәуліктік кезекші қойылды. Қазір біздің алдымызда тұрған бірінші кезектегі міндет орманды  өрттен қорғау, дала өртін болдырмау «Өрт – тілсіз жау» деп үнемі айтқанымызбен, көпшілік оны ұғына бермейді, осындай кезде кейбір адамдар қурап тұрған шөпке өрт қояды, қойған өрт сай саланы қуалап, дала төсіне шығады, дер уақытында ауыздықталмаса, орман алқаптарын жалынына орайды. Осы өрттерге байланысты ешкім жауапкершілікке тартылып жатқан жоқ, кінәлілер ізін суытып қашып кетеді де, анықталмайды. Зиян шегетін тек табиғат ана ғана.

Қорыта келгенде айтармыз, аудан, қала тұрғындарына жеріміздің табиғат байлығын өрттен бірлесе қорғап, келесі ұрпаққа жайқалған жасыл орман алқабын қалдырайық демекпіз.

Жарқын ЖҰМАЙ,


Іле-Алатау МҰТП Медеу филиалының орманды қорғау,


молайту, ландшафтау және орналастыру инженері


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x