Адвокат Айнара Айдарханова баспасөз мәслихатында Әйгерім Тілеужановаға қозғалған қылмыстық іс туралы айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Былтыр 11 шілдеде Алматыда қаңтар оқиғасында Алматы әуежайын басып алу ісі бойынша сотталушыларға үкім жарияланған еді. Айыпталушылар тарапында төрт ер адам мен бір әйел болды.
Соның ішінде Әйгерім Тілеужанова ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабы 1-бөлігі "Күш қолданумен, қиратумен, өртеумен, бұзумен, мүлiктi жоюмен, атыс қаруын, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын қолданумен, сондай-ақ, билік өкiлiне қарулы қарсылық көрсетумен ұласқан, оның ішінде шетелдік көздерден алынған қаражатты пайдалана отырып жаппай тәртiпсiздiктi ұйымдастыру" бойынша кінәлі деп танылды. Ол 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіліп, орташа режимдегі колонияда өтейтін болды. Әйгерім Тілеужанова сот залында қамауға алынған болатын.
5 наурызда оған қатысты тағы бір іс қозғалғаны белгілі болды. Ал адвокаттың мәлімдемесі RESPUBLIKA.KZ.media Telegram-арнасында жарияланды.
"Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Бүгін жәбірленушілер, күдіктілер және басқа да адамдардың денсаулығына келтірілген зиянның ауырлық дәрежесін анықтау үшін сараптамалық зерттеу әдістемесіне сәйкес үзінді, анықтама немесе басқа да анықталмаған құжаттар негізінде қорытынды жасауға тыйым салынатыны туралы тағы да жауап алынды. Алматы облысы бойынша ғылыми-зерттеу институты директорының сот-медициналық мәселелер жөніндегі орынбасары бұл өтінішке сәйкес сот-медициналық сараптама тағайындау туралы қаулыны орындамай қайтаруы керек деп есептейді. Өйткені өтініш берушінің өзі тікелей сараптамадан өтуден бас тартады.
Осыған орай жауапқа сүйене отырып, қылмыстық қудалау органында Тілеужанованың денсаулығына ауырлығы орташа зиян түріндегі дене жарақатын келтіргені туралы жеткілікті дәлелдемелер мен мәліметтер болмағандықтан, бұл қылмыстық іс тоқтатылуы тиіс", - деді Айдарханова баспасөз мәслихатында.
Адвокат іс неліктен тоқтатылуы керек екенін де түсіндірді.
"Сотталған Бекможинованың өзі, қайталап айтамын, кез келген сараптамадан бас тартады. Қазіргі уақытта тергеуші сарапшы, сотталған Бекможинованың өзін осы өтінішпен таныстыруы ғана қалды және бұл істі тоқтату керек деп есептейміз. Мұнда ешқандай негіз немесе құрам жоқ. Егер арызданушы Тілеужанова Әйгерімді ұрып-соққан деп есептесе, оны сараптама арқылы растауы керек. Алайда оның тарапынан бас тарту туралы арыз түсті", - деп түсіндірді Айдарханова.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда белсенділер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, баспасөз мәслихатын өткізді.
Жиынға Рысбек Сәрсенбайұлы, Маржан Аспандиярова, Айнара Айдарханова, Жалғас Сапарханова және Думан Мұхаммедкәрімнің әкесі Алмас Тілепов қатысқан.
Рысбек Сәрсенбайұлы Қазақстандағы саяси тұтқындар бойынша Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады.
"Ешбір өзгерместен, одан әрі кері кеткен Назарбаевтық билік жүйесі мыңдаған адамды бақытсыздыққа ұшыратты. Солардың қатарында жүргендіктен, айналамыздағы әділетсіздіктерден түңілген соң осы үндеу хатты жолдап отырмыз. ...Ақиқатты ашық айтқандар биліктің жауы атанып, 37-жылдардағыдай қуғын-сүргінге түсті.
Солардың бірнешеуіне тоқталып, айта кетейік: Әйгерім Тілеужанова, Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев (т.б.) негізсіз қылмыстық жауапкершілікке тартылып, әрқайсы 8 жылға сотталды.
...Президент мырза, өз халқыңызды жау санамаңыз, асырау сілтеуге жол бермеңіз. Белсенділерді аңду, соттау тоқтатылсын! Қазақстанда саяси тұтқындар болмасын!" - деді Рысбек Сәрсенбайұлы.