Тендердегі жемқорлыққа тосқауыл қойылатын болды

Dalanews 02 ақп. 2022 01:53 1217

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте мемлекеттік сатып алу саласындағы «бармақ басты-көз қысты» тәсілдер туралы айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

– Мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордағы сатып алулардың бүкіл жүйесін қайта қарау қажет. Бұл туралы жиын сайын айтып келеміз. Жолдауда да айтқан болатынмын, – деген Президент сыбайлас жемқорлықты ауыздықтау үшін қабылданған шаралар жағдайды айтарлықтай өзгерте қоймағанын сынға алды.

– Ережелердің көбі формалды екені байқалып отыр. Олардың ауқымдылығы адал жеткізушілерді үркітеді. Мемлекеттік сатып алуларға репутациясы дұрыс, тиісті техникалары мен білікті қызметкерлері бар, салықтарды уақтылы төлейтін жеткізушілер қатысуы керек. Қазір біз сыбайлас жемқорлықты нақты жоюдың орнына бюрократиялық процестердің жүріп жатқанын көріп отырмыз.


Жеткізушіні таңдау рәсімдері бірнеше айға созылады. Бірақ содан болып жеткізілетін тауардың немесе көрсетілетін қызметтің сапасы артып, сатып алу процесі адал арнаға түсіп жатқан жоқ. Барлық нормативтік сүзгілерге қарамастан, белгілі бір тендерді кім жеңетіні алдын ала белгілі болып отырады, – деген Мемлекет басшысы «Қазавтожол» компаниясын мысалға келтірді.

– Екі жыл ішінде техникалық қадағалау қызметтерін сатып алу бойынша 99 конкурс өткізді. Олардың жартысын иесі бір, атаулары басқа төрт компания жеңіп алған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар