Temu Польшада жеңілдіктермен манипуляция жасағаны үшін айыппұл төледі

Ақтоты Жапатова 05 ақп. 2026 16:00

Қытайлық Temu маркетплейсі Польшада жеңілдіктерді көрсету тәсіліне байланысты айыппұлға тартылды. Енді онлайн-платформа ел билігіне 1,7 миллион доллар төлеуі тиіс, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ірі көлемдегі айыппұлды Польшаның Бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы — UOKiK салды. Ел заңнамасына сәйкес, сатушы соңғы 30 күн ішіндегі тауардың ең төменгі бағасын көрсетуге міндетті. Бұл тұтынушыға жеңілдіктің шынайы мөлшерін және ұсыныстың қаншалықты тиімді екенін бағалауға мүмкіндік береді. Temu осы талапты бұзып, бір ай ішіндегі ең төмен баға туралы ақпаратты көрсетпеген.

Сонымен қатар, платформа баға демпингі, жеңілдіктерді ойын элементтері арқылы ұсыну және «Миллиардер сияқты сатып ал» ұранымен танымал. Мысалы, маркетплейс қымбат санаттағы тауарларды, соның ішінде PlayStation немесе Nintendo консольдерін 990 теңгеден де арзан бағада ұсынатындай көрінеді. Алайда мұндай баға тек нақты бір уақыт аралығында және өте шектеулі данамен ғана қолжетімді болады. Жеңілдікті «ұстап қалуға» тырысқан қолданушыларға осы аралықта көп мөлшерде жарнама мен маркетингтік айлалар көрсетіліп, қажетсіз тауарларға ақша жұмсауға итермелейді. Сондықтан Playstation сынды қымбат құрылғыны Temu -ден 990 теңгеге сатып алу ықтималдығы іс жүзінде нөлге тең. Мұндай схемалардың қалай жұмыс істейтіні туралы қолданушылар әлеуметтік желілерде жиі жазады.

Айта кету керек, кейбір қазақстандық инфлюенсерлер әлі де осы маркетплейсті жарнамалайды. Олардың айтуынша, Temu-ден таңдалған тауарларды белгілі бір шарттарды орындаса, тегін алуға болады. Алайда әлеуметтік желі қолданушылары мұндай «тегін» тауар алу үшін ондаған адамды қосымшаға тіркелуге көндіру қажет екенін айтады. Құрылымы жағынан бұл тәсіл желілік маркетингке, тіпті қаржылық пирамидаға ұқсайды.

Temu-дің маркетингтік әдістері алаяқтық айлаларға ұқсайтынын қазақстандықтар бұрыннан байқаған. Мысалы, Reddit форумында шамадан тыс жарнама, ең үздік смартфондарды нан мен сүттің бағасындай ақшаға сату туралы хабарландырулар және маркетплейстегі тауар сапасының өте төмендігі жиі талқыланған.

Бұған қоса, қазақстандық БАҚ Қытай маркетплейстері қолданушыларды тәуелділікке итермелеуі мүмкін екенін жазған. Кері санақ таймерлері, реферальдық жүйелер және ойын форматындағы жеңілдіктер адамдарды үздіксіз шығын жасау мен деректер алмасу цикліне енгізеді. Соның салдарынан кейбір қолданушылар арзан сыйлық немесе күмәнді жеңілдік алу үшін 2–3 тәулікке дейін уақытын жұмсап, ондаған мың теңге шығындауы мүмкін.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай тәсілдер дофамин бөлінуін ынталандырып, платформаны құмар ойындар, әлеуметтік желілер және бейнеойындар сияқты тәуелділік тудыратын ортаға айналдырады. Ал жалпы механикасы мен мінез-құлыққа әсер ету жолдары ойын автоматтарының принципіне ұқсайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove