Қостанайда 15 жастағы жасөспірімнің теміржолға шығып, пойызды шұғыл тоқтатуға мәжбүр еткен әрекеті сотта қаралып, жауапкершілік оның анасына жүктелді, деп хабарлайды Dala News.
Оқиға 9 қаңтарда болған. Бір топ жасөспірім «қызық үшін» Қостанай – Алматы бағытымен келе жатқан пойыздың жолына шыққан. Машинист апаттың алдын алу үшін шұғыл тежеу қолдануға мәжбүр болды. Сот мәліметінше, бұл әрекет қозғалыс қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіріп, ауыр салдарға, тіпті пойыздың рельстен шығуына дейін алып келуі мүмкін еді.
Іс барысында сот баланың анасы ата-аналық міндетін тиісті деңгейде орындамаған деген қорытындыға келді. Үкімде оның ұлына қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін үйретпегені және жауапкершілік пен тәртіпке баулымағаны көрсетілген.
Нәтижесінде әйелге 43 250 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Ал осы қауіпті әрекетке қатысқан өзге балалардың ата-аналарына қандай шара қолданылғаны әзірге хабарланған жоқ.
