Әйгілі өнерпаздың соңынан аңыз ере жүретіні белгілі ғой. Ол аңыз қалай туады? Кім біліпті. Қайткен күнде де «жұлдыз ауруымен» ауырған, өнерде үлкен даңққа жетуді армандайтын жасөспірім балалар үшін Бекболат Тілеухановтың өнердегі сапары атақ пен абыройға тез арада жетудің үлгісіндей көрінеді...
Арқа жерінде бір бала болыпты. Атадан асып туған өнерлі екен. Марқұм Жүсіпбектің өзі бір келгенінде бата беріп кетіпті. Содан соң Жәнібек те «осы бала әнші болады» деп баға беріпті. Сол бала күндердің күнінде Алматыға келеді. Бір елеусіз ғана концертте халық көзіне түседі. Ғажап өнерге таң қалған жұрт дүрілдетіп ала жөнеледі. Қол-аяғы жерге тимеген әнші аз уақыттың ішінде алты алашқа да, алыс-жақын шетелге де танылып болады.
«Өзім туралы осындай әңгімелерді естігенде халықтың риясыз көңіліне таңқаламын, – деген еді бірде Бекболат. – Бір әңгіме шын. Бір әңгіме – қиялмен жасалған ертегі. Жүсекең гастрольмен бір келгенінде шынында да біздің үйден дәм татыпты. Анам Айнагүл Жүсекеңе: «Әнді темірге шеге қаққандай қылып айтады екесің», – депті. Сонда Жүскең: «Ойпырай, Айнагүл-ай, әнге берілген талай бағаны естідім, бірақ сендей жетіп айтқаны жоқ», – деп риза болған деседі. Бірақ ол кезде мен дүниеге келмеппін. Ал Жәнібек марқұм шынында да маған бата беріпті. Туған ағам, белгілі күйші Мұқаметжанмен жахаттас дос болған. Бірақ ол сәт те есімде еміс-еміс қана сақталған. Бағыма орай мен ән мен күй қонған байырғы қазақ ауылында тудым. Үйімізге өнерпаздар көп келетін. Міне, музыкалық тәлім-тәрбиені мен байырғы қазақтың домбырашылары мен әншілерінен алдым. Бұдан кейінгі тағдырым да халық ертегісіндегі тағдырыма ұқсамайды. Алматыға келе сала танылған жоқпын. Политехникалық институтқа оқуға түстім. Алайда 1986 жылғы желтоқсан менің өмір жолымды мүлдем басқа тарапқа бұрды. Алаңдағы оқиғаларға қатысқаным үшін институттан шығарылдым. Өнерімнің деңгейін, өз бағамды сол кезде-ақ шамалайтынмын. Кәсіпқой әншіліктің соңына түсемін деп сол кезде шештім. Консерваторияда сол 1987 жылы Халық әні кафедрасы ашылды. Әлі есімде, жаңадан ашылған кафедраның жарнамасы аз болды ма, әйтеуір бүкіл Қазақстаннан екі-ақ бала келіппіз. Бірі – осы күні қазаққа танылып болған жырау Берік Жүсіпов. Екіншісі –мен. Қайрат ағамыз, Жәнібек ағамыз бұрыннан дәріс беріп, ақылын айтып жүрген, риясыз қарсы алды. Оқыдық. Бітірдік. Студент кезімізде де, оқуды аяқтағаннан кейін де өнердің талай көксоқтасын кештік. Құдай куә, мұнайшы немесе темірші болып шықсам да күнімді көрер едім. Әншілік жолға түскеніме еш өкінген емеспін».
Әрине, адам – тағдырдың құлы. Алайда дәмнің құдіреті мен өнер адамының пешенесіне жазылған жазу – екеуі екі басқа нәрсе ғой. «Мені өнерге тағдыр алып келді» деген талай сыршыл әңгімені естідік, талай интервьюге куә болдық. Бекболат – әнші болып туған. Ол, тағдыр солай бұрылмаса да, кәсіпқой сахнаға шықпаса да, ерте ме, кеш пе, өзінің ғажайып өнерімен туған жұртына танылар еді.
Өнерде ештеңе де жоқтан пайда болмайды. Әрбір жаңа құбылыс өзінің озық сипаттарымен де, әлсіз жақтарымен де өткен өнер үлгісімен тығыз байланыста. Ол байланыс сабақтастық сипатында ма, әлде қарсылық сипатында ма – ол сол сәттегі мәдени ситуацияға тәуелді, заман билігіндегі нәрсе.
Қазіргі әншілік өнерді алдыңғы толқын ағалардың өнерінсіз түсіну қиын. 60-шы жылдардың аяғы мен 70-ші жылдардың басында келген жастар өнердің байырғы табиғатын жаңғыртпақ ниетте болған еді.
Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов сияқты майталман әншілер қазақ әнін техникалық жағынан байытты. Әншілер, өнерде кем үлгі болмайтындығын, барлығы да артистік шеберлікке байланысты екендігін өзінің орындаушылық өнерімен дәлелдеді. Бірақ жаңа биікке бастаған бұл үрдіс ән өнеріне кері әсерін де тигізді. Техникаға табыну көп ретте дәлелсіз күрделілікке алып баратын болды. Өнімсіз форма қуалау белгілі бір кезеңде ән өнерінің жетекші сипатына айналғандай еді. Бірақ халық өзінің талғамына ғана сенеді ғой. Ол заманда радиодан орындалатын жаңа қазақ композиторларының әндерінен гөрі сахнада Қ.Байбосынов пен Ж.Кәрменов орындайтын байырғы қазақ әндері абыройлы болатын. Алайда, бұл – қалай десеңіз де байырғы ән өнерінің жетілген түрі ғана еді. Дәстүр – тірі құбылыс. Ол үнемі жетілу, өркендеу үстінде болуы керек. Жәнібек пен Қайрат ескі әншінің соңы болды. Бірде Жәнібек марқұм: «Заман өзгереді екен деп бүркіт күшігенге айнала алмайды. Қайрат екеуміз осымен тоқтадық. Ары бармаймыз. Әрине, далақтап жарысқа түсуге болар еді. Кейбір біздің тұстастарымыз түсіп те жүр ғой. Бірақ біз сол байырғы мектеп көлемінде ғана айтамыз, айтар сөзімізді. Ендігі өнер – ендігі әншілерге ғана жарасады», – деген еді.
Не айтуға болады? Ұлы әншінің бұл сөзін келенің арасындағы жаулық деп емес, дамудың қасіретті заңы деп түсіну керек. Жәнібектің өз шәкірттеріне: «Еліктемеңдер. Маған да, Қайратқа да, тіпті Жүсіпбекке де еліктемеңдер. Еліктеу – үйренудің алғашқы кезеңі ғана. Өнер дамып, байи түсу керек. Менің мектебім менікі болып қалсын. Ары қарай асыңдар. Жаңа бояу, жаңа өрнек, іздеңдер», – деп айтқанын талай естіп едім. Ойымша, ұстаздың осы өсиетін жете ұғынған аз шәкірттің бірі – Бекболат.
Иммитация – пародияға ұқсас нәрсе. Ол біреудің бетпердесін өзіңнің әлпетіңе өлшеумен, өлі тілде сөйлеумен бірдей. Өткендегі ұлы шеберлерді айнытпай қайталаған күннің өзінде, сіз – бар болғаны шәкірт қанасыз. Өнер, шын өнер жаңалықпен ғана жолдас. Ұлт өнері осылай жетіледі, осылай байиды. Он тоғызыншы ғасырдың музыканттары Қорқыт сарынын қайталаумен шектелсе, Тәттімбет пен Құрманғазы, Біржан мен Ақан тумаса қалай болар еді? Әлеумет озғанымен, қазақ өнері орта ғасырда отырар еді. Бүгінгі дәрежеге жетіп отырған дәстүрлі өнер – өткен заманда күн кешкен жаңашыл өнерпаздардан қалған мұра.
Бірде сабақтан шаршап шыққан Жәнібек фольклор кабинетіне кірді. Түскі астың кезі еді. Екі-үш түйір ет жеп алғаннан кейін, қара шайды рахаттана сораптаған Жәкең өзі ештеңе демей, жұртты ғана сөйлетіп отырды. Осы Мәжілістің үстіне – бұл кезде үшінші курс студенті Бекболат кірді. Аз-маз дамылдап, құрыс-тырысы жазылған Жәнібек Бекболатқа бірнеше ән айтқызды.
– Ауаны көп аласың, – деген ән айтылып болғаннан кейін, – кеуде көрігің күшті. Бірақ көрікті шерттіріп ауаны алғаннан кейін, артық ауа лақылдап, көмейіңе бағынбайды. Артық ауадан жүректің соғысы да естіліп қалады. Ал сахнада бұның бірде-біреуі көрінбеу керек.
− Сіз де ауаны көп аласыз ғой, – деді Бекболат.
– Жоқ, ол – иллюзия. Мен ауаны әлім жететіндей етіп шақтап қана аламын, – деді Жәнібек. – Менің көрігім ғана күшті. Даусымның күштілігі ауаның көптігінен емес.
Кейіннен бір концертте Бекболат «Қанатталдыны» орындаған кезінде әннің басындағы жергілікті кульминацияны әдепкіден сәл артығырақ ұстаған еді. Жанымда отырған Жәнібектің қабағы дір етті. Концерттен соң бірнеше күн өткеннен кейін, бір әңгімесінде: «Бекболат жасына қарамай, эксперимент жасаудан қорықпайды. Бұл үлкен қабілеттің белгісі. Өткенде есіңде ме, «Қанатталдыны» орындағанда, шумақтың соңғы жолынан кейін, үзіліссіз бірден аспандата көтерді ғой. Демі соңғы жолға да, кульминацияға да жетті. Бұлай орындауға менің де жүрегім дауаламас еді, – деді. – Паузасыз орындау ерекше бір әсер тудырады екен».
Бекболат өнерінің басты сипаты – жалпы бағытпен жүрмеу. Басқаның ізімен, таптаурын соқпақпен жүру оған жат.
Оның орындау мәнерінде лирикадан гөрі драматизм басым. Ол әнді биік эмоция, экспрессиямен орындайды. Бірақ бұл – ғайыптан келген мәнер емес. Мұхит әндері, қырғыздың «Манасы», қарақалпақ жырлары осылай орындалады. Арқа әнін орындаудағы Бекболат ашқан бұл жаңалық оның әншілік эрудициясынан тамыр тартады, көрермен мінезін, оның қазіргі рухани ахуалын байыптай зерттеудің нәтижесі.
Оның орындауында ырғақтық мінсіз сурет колориттен биік тұрады. Бірақ бұл бояудың аздығына емес. Бекболат камералық орындаудың да шебері. Аталмыш мәнер – әншінің даңқты концерттердегі айтулы мәнері. Өз өнеріне ғана ғашық бірде-бір әнші стильдегі бұндай демократизмге жете алмаған.
Алайда бұл халықтың қалауын іздеу емес. Халық тілінде сөйлеп биік өнерге жетелеу.
Шынын айту керек, көп әнші шәкірттік заманы тым созылып кеткендіктен ұстазға жалтақтауды дағдыға айналдырады. Кейіннен өз бетінше өнер жолына шыққанда да бұрынғы «машық» қалмайды. Бұл әдетте оның орындаушылық интерпретацияның қатып қалған канондарына табынуынан көрінеді. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл өнерді дәстүр деңгейінде ғана ұстап тұратын үрдіс. Мысалға, Ақан Серінің «Балқадишасы» шағын ғана аяда, қоңырқай ғана орындалатын ән болған. Бұл жерде, әнді о баста сондай дегенді айтып отырған жоқпыз. Жеткізушілердің қолына қарабайырланған нұсқаның ілінуі әбден мүмкін екенін айтпақпыз. Жәнібек әнге кульминация ендірді. Жас теоретиктердің бірі: «Бұл кульминацияны қалай аштыңыз?», – деп сауал тастағанда Жәкең: «Әннің осы жері кульминацияға сұранып тұрды» деп өтірік айтпай-ақ қояйын. «Осылай етсе қалай болар еді?» деген ой ғана жетеледі мені. Артынан бірнеше әннің маманына тыңдатқанымда «Жақсы тапқан екенсіз» деп құптады», – деп жауап берді.
Классиканы жаңаша «оқу» – өз өнеріне сенген, талғамы биік адамның ғана маңдайына жазылған ерекше бақ. Жәнібек «әнді құбылтып айтыңдар, бірақ арқауын бұзбаңдар» дегенді жиі айтатын.
Бірде мен «Биік қарқын, биік экспрессиямен айтуынды жұрт түсіне ме?» дегенімде Бекболат «Біз осы тыңдаушылардың ішінен шықтық. Біз әуелі жақсы тыңдаушы болдық. Содан соң әнші болдық. Көрерменнің биік сезім күйлерін кеше алатынына мен нанамын. Сондықтан осылайша орындаймын» деп жауап берген еді. «Оның үстіне Жүсіпбек Елебеков, Нұғыман Әбішев, Қали Байжанов, Байғабыл Жылқыбаев, Ғарифолла Құрманғалиев, Қосымжан Бабақов, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов сияқты майталман әншілерді тыңдап, әбден жеңсікқой болып алған тыңдаушыны төтенше сипатты өнермен ғана үйіре аласыз» деген алдыңғы сөзін үстеп. Кімнің дауы бар? Заман өзгерді, ұрпақ ауысты. Жаңа көрермен келді. Кей ретте көрермен тілін табу өте қиын. Қазіргі өнердің драматургиясы шынында да төтеншелік сипатқа құрылады.
Міне, осы орайда Бекболаттың байырғы әндердің жаңа сахналық ажарға шомылған, алымды, жүрекке тез жеткен нұсқаларын жасағанын айтамыз. Ол орындаған «Көк аршын», «Ғайни», «Жонып алды», «Жалғыз арша», «Күлшім», «Сырғақты», «Мақпал» (2 түрі), «Аларакөк» сияқты әндер, сондай-ақ «Османқұлдың Кененді жұбатуы», «Әсет пен Кемпірбайдың айтысы», «Күлдір-күлдір кісінетіп» сияқты толғаулар – көркемдіктің биік өресіне жеткен айтулы өнер туындылары. Аталмыш шығармалардың денін жұрт Жәнібек өлгеннен кейін орындалмайтын шығар деп пәтуаласқан.
Бекболаттың сан қырлы өнерінің бір парасы – оның қобыз бен домбыра сүйемеліндегі жыршылық өнері. Қазтуған жыраудың «Қайран Еділ» толғауын ең алғаш тыңдап, бағасын берген біз едік. Жыр әуенінің бұрынғы мақамдарға ұқсамайтын ерекше бітіміне, тереңінен тартқан алып деміне тәнті болған едік. Қазанғаптың «Көкіл» күйін жыр әуеніне шебер пайдаланған әнші, алғашқы тындаушылар қошемет көрсетіп дуылдап жатқанда, қобызын кеудесіне қысып тұрып былай деген еді: «Жыр-күй деген жанрды көп айналдырдым. Дамып күйге айналған – жыр әуені екеніне көзім жетті. Санамда «Құдайым-ау, жырдың жоғалған мақамдары күйде жатыр екен ғой. Ешқайда кетпепті ғой» деген бақытты ой жарқ етті. Міне, мынау алғашқы үлгіміз жүректеріңізге жол тапты. Қуанып тұрмын!» – деген еді. Содан бері біраз жыл өтті. Кезінде Шөже сияқты ақындар сүйемелімен жыр толғаған қобыз, біраз уақыт тек күй аспабы болып келген қобыз жыршыларға қайтып келген сияқты. Көп ұзамай байырғы өнер ұрпақ санасына қайта егіліп, өркен жаятынына еш күмәніміз жоқ.
Бекболат Тілеуханов, заманымыздың ең көрнекті орындаушыларының бірі. Бұл шағын лебізде оның биік өнерін толықтай сипаттап беру мүмкін емес. Біз бар болғаны оның әншілік шеберлігінің кей қырларын ғана сөз еттік. Бұл мақалада әнші жайлы болашақтағы үлкен әңгімеге тамызық болса мақсатымыздың орындалғаны.
«Жетісу», 20.11.1999
"Таласбек Әсемқұлов таңдамалы шығармалары"
4-том 2016ж
Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ, жазушы, мәдениеттанушы, күйші