Алматыда жаяу жүргіншіні қағып кеткен автобус жүргізушісі қамауға алынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кеше сағат 10:54-те Алматы қаласы Алмалы ауданы Төле би даңғылы бойымен батыс бағытта қозғалып келе жатқан автобус жүргізушісі Исаев көшесімен қиылыста 2007 жылы туған қыз баланы қағып кеткен. Ол жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан. Жәбірленуші ауруханаға жеткізілді.
Бұл оқиға бойынша Алматы қаласы Полиция департаментінің Анықтау басқармасы қылмыстық іс қозғады. Автобус жүргізушісі қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
"Әсіресе, жолаушы тасымалдаумен айналысатын жүргізушінің жолда ұялы телефонға алаңдауы – мүлде жол беруге болмайтын әрекет. Әр жүргізуші жолда барынша мұқият болуға тиіс, – деді Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев.
