“Тексеріс басталды”. Асылов Эпштейн ісіне қатысты ақпаратқа пікір білдірді

Қаракөз Амантай 27 ақп. 2026 14:17

Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асылов Джеффри Эпштейнге қатысты тараған ақпараттар бойынша алдын ала тексеріс басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, қадағалаушы орган жарияланған материалдарды жан-жақты зерделеп, онда айтылған байланыстар туралы деректердің шындыққа сәйкестігін анықтап жатыр. Сонымен бірге Эпштейннің Қазақстанға келген-келмегені және қазақстандық шенеуніктердің оған барған-бармағаны да тексерілуде.

Бас прокурордың айтуынша, бұл жұмыстың аясында Кәрім Мәсімов пен Қайрат Келімбетовке қатысты мәліметтер де жеке қаралады.

Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Рахымжанов Бас прокуратура мен ҰҚК-ден Джеффри Эпштейннің файлдарында аты аталған барлық қазақстандықты, сондай-ақ олармен байланысы болуы мүмкін тұлғаларды тексеруді сұрады. Депутат бұл кездесулердің сипатын анықтауды талап еткен еді.

Оның айтуынша, құпия ақпараттың, соның ішінде мемлекеттік құпиялардың сыртқа шығу қаупін жоққа шығаруға болмайды. Депутаттық сауал 25 ақпанда Берік Асыловқа және ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаевқа жолданған.

Рахымжановтың сөзінше, дамыған демократиялық елдерде бұл дауға қатысы бар тұлғаларға қатысты парламенттік тергеулер мен қылмыстық қудалау басталып кеткен.

"Мұны жабулы қазан күйінде қалдыруға болмайды. Құжаттарда "Ескі Қазақстанның" жоғарғы эшелонында болған, маңызды мемлекеттік қызмет атқарған адамдар аталады. Бұл енді олардың жеке өмірі емес, мемлекеттің қауіпсіздігі мен елдің беделіне қатысты мәселе. Мысалы, бұрынғы премьер-министр әрі ҰҚК-нің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовжазбаларда кемінде сегіз рет кездеседі", – деді депутат.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove