Татарлар мен башқұрттар неге тәуелсіздік ала алмады?

Dalanews 29 қаз. 2021 06:13 1549

Путин билігін күшейту үшін Татарстандағы “президент” мәртебесін жоймақ болған Кремльдің жоспары іске аспай қалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Татарстан – ел басқарушысы “президент” деп аталатын Ресейдегі жалғыз ел. Елді осы статустан айырғысы келген Мәскеудің бұйрығына Татарстан парламенті қарсы шықты.

“Бұл Ресейдің құқықтық мемлекет ретіндегі конституция жүйесіне қайшы!”, – деп кесіп айтты Мемлекеттік кеңестің мемқұрылыс жөніндегі комитетінің басшысы Алберт Хабибуллин.

Ресейде 2010 жылдан бері республика президенттерінің атауын өзгерту үрдісі жүруде. Бұл атаудан алғашқылардың бірі болып Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров бас тартқан. Осы күнге дейін федерация құрамындағы 12 республиканың 11-і өз жетекшілерінің атауын өзгертіп, “президент” деген сөзді алып тастаған.



Белгілі журналист Асылбек Абдулов татарлар мен башқұрттардың КСРО тараған тұста не себепті тәуелсіздік алмағанына тоқталып, тарихи факторларды ой елегінен өткізген екен.

Dalanews.kz осы мақаланы оқырман назарына ұсынғанды жөн көрді.

...

1917 жылғы Ақпан төңкерісінде түркі жұрты бір-бірінен сүйінші сұрасып, шат-шадыман болды. Қазақ, татар, башқұрттан бөлек чуваш, удмурт, мокша, мари секілді ұлттар да саяси амбициясы барын аңғартып, тәуелсіздік туралы сөз қозғады.

Бұлардың барлығы Патша үкіметінің құлдығы мен қыспағынан құтылуға асыққан еді.

Қазақтардан қалыспауды қалаған татарлар мен башқұрттардың интеллигенциясы Еділ-Жайық ұлттық автономды жобасының қабырғасын қалауға кіріскен-ді. 1917 жылы Бүкілресейлік мұсылмандар съезі өтіп, осы мәжілісте Ресейдің мемлекеттік басқару формасы бекітілді: Ресей федеративті елге айналатын болып ұйғарылды.

Патша билігі тұсында ұлттық республика құру туралы идеяны ұмыта жаздаған Еділ бойындағы және Орта Азиядағы елдер бұл мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысты. Орыс губернияларының “сауын сиырына” айналған территорияларға азаттық алатын сәт туды.

Ақпан төңкерісінен кейін “Алаш” қозғалысы қауырт қимылдап, бұғаудан босаудың алғышартын жасады. 1917 жылдың шілдесінде Орынбордағы қазақтардың Жалпыұлттық съезінде “Алаш” партиясы құрылды. Мұндағы мақсат – қазақтарға автономия әперу еді. Бүтін бір этнос еркіндікке ұмтылып, бөлек шыққысы келді.

“Алаш” зиялылары Ресей Федерациясының аясындағы ұлттық автономия құруды көздеді. Болжам бойынша, Алаш Орда Сібір автономиясының құрамына кіруге тиіс-тін.


Алаш автономиясы мен Алаш Орда үкіметінің Бас министрі болып Әлихан Бөкейханов бірауыздан бекітілді. Ресей империясы шатқаяқтаған сәтте едел-жедел автономия құруды қолға алған алашордалықтар осы бір батыл әрекетінің нәтижесінде болашақ Қазақстанның іргетасын қалады.

Алаш Орда үкіметінің бағдарламасы бірқатар талаптан тұрды.

Қазақстан Ресей құрамындағы автономия деген атқа ие, әйтсе де адам құқығы, сайлау құқығы, баспасөз және сөз еркіндігі секілді қастерлі құндылықтарға федерация тарапынан қысым жасалмауы қажет. Елдегі аграрлы саясат қазақтардың көзқарасы мен мүддесіне қайшы келмейтіндей жүзеге асуы тиіс.

Ақпан төңкерісінің нәтижесінде күллі Ресейде – қос билік орнады. Уақытша үкімет және кедей-кепшік пен жұмысшы табынан құралған Совет үкіметі айтыс-тартысқа түсті.

Уақытша үкімет 1916 жылы Қазақстанда патшаға қарсы шыққан белсенділерді ақтау туралы қаулыға қол қойды. Федерация азаматтарының жүріп-тұруына кедергі келтірмеу туралы заң қабылданды. Діни көзқарасы мен шығу тегіне қарай қудалауға ұшырайтын бап алынып тасталды. Уақытша үкімет демократияға бетбұрудың ырымын жасаған болды.

Алайда мұсылмандар, оның ішінде қазақтарға автономия беруге келгенде кежегесі кейін тартып қалды. Имперлік синдромы қайта қозып, аз ұлттарға бостандық бергенді намыс көрді.


Осы тұста большевиктер бас көтеріп, мұның соңы Қазан төңкерісіне ұласты. Уақытша үкіметтің қателігінен сабақ алған “қызылдар” қулыққа салды. Бұған сәлден кейін тоқталатын боламыз.

...

1918 жылы империяның әбден әлсіреген шағында қазақтар мен башқұрттар біруақытта мәлімдеме жасап, өздерінің ұлттық республика құрғанын жария етті.

Орынбор қаласы Алаш Орда мен Башқұртстанның саяси һәм интеллектуалдық орталығына айналды.

Дәл сол жылдың көктемінде қазақтар мен башқұрттар үстел басына жиналып, “қызылдарға” қарсы тұру туралы жоспар әзірледі. Сол жылдың күзінде Уфа қаласында екі елдің бизнес өкілдері бас қосты.

Осы басқосуда алғаш рет қазақ-башқұрт федерациясын құру туралы мәселе көтеріледі. Екі елдің шекарасы шектесіп жатқаны бұл үрдісті жеделдете түсер еді.

Татар-башқұрттардың саяси қайраткері, әйгілі Ғалымжан Ибрагимов әне-міне құрылғалы отырған федерацияны 5 штатқа бөлуді ұсынды.

Бұған сай: Қазақстан, Қапқаз, Түркістан, Еділ-Жайық және Қырым штаты құрылуы тиісті еді. Ал федерацияны – Түркі федеративтік республикасы деп атау туралы шешім қабылданды!


Бірақ бұдан кейінгі оқиғалар межелеген дүниені жүзеге асыруға мұрша бермеді. 18-қарашада Сібір үкіметінің министрлер кеңесінде бүлік болып, Уақытша үкіметтің билігі заңсыз деп танылды.

Атышулы адмирал Александр Колчак өзін күллі Ресейдің Жоғарғы әміршісі әрі әскердің Бас қолбасшысы деп жариялады. Большевиктерге төтеп беретін әкімшілік орталық ретінде Омбы қаласы таңдалып алынды.



1918 жылғы қарашаның соңғы күндерінде Алаш Орданың Бас министрі Әлихан Бөкейханов Колчак үкіметімен Қазақ автономиясы туралы келіссөз жүргізу үшін Омбы қаласына аттанды.

Алайда имперлік саясаттың уыты өн-бойына тарап кеткен Колчак бұл ұсынысты қабылдаудан бас тартты, егемендік туралы сөз қозғаудың өзіне тыйым салды.

Қазақтар мен башқұрттар екі оттың ортасында қалды. Екі бірдей диктатураның қайбірінің ығына жығылады?

Колчак бастаған “ақтардың” айтқанын мақұлдай ма, әлде Ленин, Троцкий, Сталин бастаған “қызылдардың” ұсынысын қабыл ала ма? Осы арада ілкіде сөз еткен жайтқа қайта оралу қажет.

Уақытша үкіметтің қателігінен сабақ алған “қызылдар” қулыққа салды. Большевиктер автономды мемлекеттерге аз-мұз кеңшілік жасайтынын айтып, уәде берген болды. Қазақ пен башқұрттың игі-жақсылары ақыр соңы солардың ұсынысын қабыл алды. Бұл уақытта Колчактың әскері тас-талқан боп жеңіліп, большевиктер “ақтардың” адмиралын Иркутскіге жете бере атып өлтірді. Колчактің билігі бір жарым жылға жетпей күйреп тынды.

Ресейге бағынышты ұлттық үкіметтердің бірде-бірі совет билігін құптаған жоқ. Олардың саяси ұстанымын қабылдаудан бас тартты. Большевиктер ұлттық мәселеге қатысты позициясын қайта қарауға мәжбүр болды.

Лениннің орнын басқан Сталин автономды әрі одақтас республикалардан құралған мемлекеттің іргетасын қалады. Алайда іс жүзінде Еділ мен Жайықтың бойындағы, Орынбордағы және Қазақстандағы ресейлік бақылау еселене түсті. Одақтас республикаларға еншісін бөліп бергендей көрінген Совет үкіметі, шын мәнінде, отарлаудың жаңа үлгісін ойлап тапқан еді.

...

1920 жылы қазіргі Қазақстан мен Башқұртстан аумағында автономды совет республикалары құрылды. Орынбор Қазақ ұлттық автономиясының астанасы деп бекітілді. Осылайша, қазақ жері солтүстік батысында Башқұртстанмен шектесіп жатты.

1925 жылға дейін Қазақстан мен Башқұртстан арасында ортақ шекара болған.


Алайда Кеңес үкіметінің сұрқия саясаты Орынбор қаласын Қазақстаннан жырып, оны Ресейге қосқаннан кейін екі елдің арасы ажырап қалды, анығырақ айтқанда Қазақстан мен Еділ бойындағы елдердің арасында Ресейге қарасты дәліз пайда болды.

Бауырлас, тамырлас елдерді екіге жарған “Орынбор коридоры” осылай пайда болды.


Алғашқыда Қазақстан мен Башқұртстанның арасын бөліп тұрған дәліздің кеңдігі 30 шақырымға жетер-жетпес болатын. Кейін келе әлденеше рет кеңейтіліп, осы күні 90 шақырымды құрап отыр.

Қазір Орынбор дәлізінде – Орынбор облысына қарасты Гай және Қуандық аудандары орналасқан. Дәл осы аралық Қазақстан мен Башқұртстанды бөліп тұр.

1936 жылғы “Сталин” конституциясы Қазақстанды автономды статусқа дейін өрлетті. Бұған сай одақтас республикалар қалаған уақытында (сөз жүзінде) КСРО-дан шығу құқығына ие болды. Алайда бұл талапқа сай келу үшін олар сырт елдердің шекарасымен шектесіп жатуы керек еді.

Ілгерідегі Орынбор дәлізінің кесірінен Башқұртстан бұл талапқа сай келмеді, тіпті Қазақстан КСРО-ны тастап шықса да, башқұрттар бұғаудан босай алмас еді.

Ақыр соңы, халық саны мен жер көлемі жөнінен өзге одақтас елдермен деңгейлес тұрған башқұрттар автономды статуста қалып қалды.

Горбачев дәуіріндегі “қайта құру” кезеңінде татарлар мен башқұрттар бұл мәселеге қайта оралды. Сол тұста “тәуелсіздік парады” басталып, 1991 жылдың желтоқсанында Қазақстан егемендік алды.

Алайда мұндай мүмкіндік башқұрт пен татарға бұйырмады.

Татар-башқұрт тарихшылары:

“Башқұртстан мен Татарстанды Қазақстаннан қиып тастаған КСРО-ның сұғанақ, сұмпайы саясаты екі елдің егемендік алуына кедергі келтірді. Сталин Орынбор дәлізін ойлап таппағанда, татарлар мен башқұрттар одақтас республика деген мәртебеге ие болып, империя құлағаннан кейін өзгелермен жарысып тәуелсіздік алар еді…”, – дейді.

Қазір бұлар Ресей Федерациясы құрамындағы республикалардың санатында ғана әрі Мәскеудің бұйрығына бағынады. Поволжья аймағында орналасқан 6 республикада да сырт елдермен шектеспейді. Оларды Орынбор дәлізі қоршап тұр.


Саясаттанушылар мен тарихшылар Татарстан мен Башқұртстанның Ресей құрамынан шығып, тәуелсіздігін жарияларына күмәнмен қарайды.

Аударған, Думан БЫҚАЙ




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар