Байқау комиссиясы бір ай бойы «Үздік монографиялар», «Үздік кітаптар», «Үздік ғылыми мақалалар» аталымдары бойынша жұмыстарды саралап шықты. Нәтижесінде М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылары 4 аталым бойынша үздік атанды. Атап айтар болсақ, Қазақстан экономикасының дамуы мәселелерін көтерген монографиялар арасынан профессор Әнуарбек Әйменнің «Мемлекетті басқаруды жетілдіру» және «Шаруа қожалықтарының бәсекеге қабілеттілігі» монографиялары үздік деп танылды.
Ал, қазіргі Қазақстан тарихы бойынша жазылған монографиялар арасынан «Жамбыл облысының тәуелсіздік кезеңіндегі тарихы» тақырыбында жазылған тарих ғылымдарының кандидаты Сейдахан Бақторазовтың жұмысы бірінші жүлдеге ие болды. Сәйкесінше, техника және технология салалары бойынша әзірленген оқулықтар арасынан профессор Кенжебек Бадановтың «Маталарды өңдеу» оқу құралы үздік деп танылды. Қазақстан мемлекет ретінде қалыптасуы мәселелері бойынша үздік ғылыми жарияланым аталымында құқық магистрі Серік Көшербаевтың жұмысы да үздіктер қатарынан көрінді.
Осылайша, М.Х. Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университеті аталған байқауда үздік жұмыстары саны жөнінен көш бастады.
Жамбыл облыс әкімінің баспасөз қызметі