Қазақстан құрамасы әртістік жүзуден жасөспірімдер арасындағы 2026 жылғы әлем чемпионатында бір күнде екі күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Аралас дуэттердің еркін бағдарламасында Ясмина Исламова мен Алдияр Рамазанов 248,1058 ұпай жинап, екінші орын иеленді. Бұл сында Испания өкілдері Арлет Арнан Сантакрус пен Энеко Санчес Агилар 263,2992 ұпаймен жеңіске жетті. Ал жапониялық Хейзо Аитака мен Манами Додо 246,9850 ұпай жинап, қола медаль алды.
Исламова мен Рамазановтың бұл жетістігі Қазақстан үшін тарихи нәтиже болды. Себебі бұған дейін ел спортшылары жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында микст-дуэт бағдарламасынан жүлде алып көрмеген.
Қазақстан құрамасы акробатика бағдарламасында да күміс медаль иеленді. Ұлттық команда 203,0926 ұпай жинап, екінші орынға тұрақтады.
Бұл сайыста ел намысын София Ищенко, Ясмина Исламова, Даяна Жаманчалова, Мақпал Қалмурза, Полина Мерзлякова, Алдияр Рамазанов, Айғаным Сайым және Анастасия Воронкова қорғады.
Акробатика бағдарламасында Ресей құрамасы 232,2147 ұпаймен алтын жүлдеге ие болды. Беларусь командасы 200,9777 ұпай жинап, үшінші орын алды.