Тараз тұрғындары жануарға жасалған аса қатыгез әрекеттің куәсі болды. Итті көлікке байлап, асфальтпен сүйреген, деп хабарлайды Dalanews.kz КТК-ға сілтеме жасап.
Қорқынышты кадрларды таңертең мектепке бара жатқан жергілікті оқушы қыз түсіріп алған. Мойнына тұзақ салынған ірі алабайды көліктің артқы бөлігіне табандарынан байлап, асфальтпен сүйреткен.
Полиция рөлде ветеринарлық бақылау инспекторы отырғанын анықтады. Оған «Жануарларға қатыгездік көрсету» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қандай жаза қолданылатыны әзірге белгісіз. Барлығы оқиғадан кейін әлі ешкім көрмеген иттің жағдайына байланысты болмақ.
«Полиция қызметкерлері болған жайттың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді шаралар жүргізіп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданады. Сондай-ақ ұйымға заңбұзушылықтарды жою туралы ұсыныс жолданды», – деді Жамбыл облысы ПД аға жедел уәкілі Құндыз Бөгенбаева.
