Таразда ер адам аяусыз соққыдан көз жұмды: марқұмның отбасы әділ тергеуді талап етті

Таразда ер адам аяусыз соққыдан көз жұмды: марқұмның отбасы әділ тергеуді талап етті
Фото: Qumash.kz

Таразда 29 жастағы Думан есімді азамат ауыр соққыдан кейін ауруханада қайтыс болды. Марқұмның әпкесі қайғылы оқиғаның қалай болғанын баяндады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Qumash дереккөзінің мәліметінше, Думан ауруханада жұмыс істеген. Бір күні емделушілерінің бірінің бұрынғы күйеуі оған қайта-қайта телефон соғып, балағаттап, кездесуге шақырған.

"Марқұмның туыстары кездесуге үш жігіт келгенін айтады. Олар Думанды басынан ұрып, көліктің жүксалғышына күштеп салған. Кейін Аса өзенінің маңына апарып, қатты соққыға жыққан деген болжам бар", - дейді дереккөз.

Осыдан кейін ес-түссіз жатқан Думанды өзінің көлігіне салып, ауруханаға жеткізген. Туыстарының сөзінше, күдіктілер дәрігерлерге оны көшеден тауып алғандарын айтқан. Алайда Думан есін жимастан көз жұмды.

Марқұмның әпкесі полиция бастапқыда үш адамды ұстағанын, бірақ кейін олардың екеуі босатылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ негізгі күдікті бұрынғы әйеліне, яғни Думанның емделушісіне бірнеше рет қол көтергенін айтты.

Туыстары Думан мен әлгі әйелдің арасында жұмыстан тыс ешқандай қарым-қатынас болмағанын жеткізді. Олардың айтуынша, телефондағы хат алмасулар да осыны растайды.

Думан екі күннен кейін 30 жасқа толар еді. Оның артында кішкентай екі қызы қалды. Марқұмның отбасы оқиғаға қатысы бар адамдардың барлығын анықтап, заң алдында жауапқа тартуды талап етіп отыр.