Тараз қаласында 60 млн теңгеге жуық бюджет қаражатын заңсыз жұмсау дерегі анықталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тараз қаласының прокуратурасы «Т» ЖШС қызметін тексеру барысында көппәтерлі тұрғын үйдің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу үшін жасалған төртжақты келісімшартта тұрғындардың қолтаңбаларының қолдан жасалғанын анықтады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес кондоминиум нысанының ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізуге мердігер ұйымды таңдау үй кеңесінің құзыретіне жатады.
Алайда бұл жағдайда тұрғындарға мердігерді таңдауға мүмкіндік берілмей, олардың қолтаңбалары қолдан жасалған.
2 шілдеде Тараз қаласы прокуратурасының нұсқауымен бұл дерек ҚК-нің 385-бабы 1-бөлігі бойынша Тараз қаласы ПБ-ның СДТБТ-на тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Сонымен қатар серіктестік қызметін тексеру нәтижесінде, 3 мамырда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға бөлінген 59 млн теңге көлемінде бюджет қаражатын негізсіз жұмсау фактісі бойынша ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігімен қылмыстық іс тіркелді.
Аталған қылмыстық істі тергеу Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне тапсырылды.
ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.