Қазіргі таңда қалада құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Басқаны былай қойғанда биыл Тараз қаласының автобекет маңында 14-ші, Ы. Сүлейменов көшесінің соңында 15-ші ықшам аудандардың іргетасы қалануда. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев биылғы халық алдындағы есепті кездесуінде қос ықшам ауданның көне шаһар көркіне көрік қосып, сәулеті мен дәулеті жарасқан ықшам ауданға айналатынын айтқан болатын. Бүгін міне, аумағы 100 гектарды құрайтын автобекет аймағындағы 14-ші ықшам ауданның құрылыс жобасы облыс əкіміне таныстырылды.
Ұлттық құрылыс саласы ассоциациясы президенті Мұхит Әзербаевтың айтуынша, жаңадан бой көтеретін 14-ші ықшам ауданда 49 көпқабатты үй, оның ішінде бес қабатты 27, тоғыз қабатты 16, он екі қабатты 6 үй салынады. Жалпы тұрғындарға берілетін 5 460 пәтерге 16 000 адам қоныстанады деп жоспарлануда. Бұл аумақта тұрғын үйлерден бөлек, әлеуметтік нысандар да көптеп салынады. Мысалы, 250 орындық 3 балабақша, 2 орта мектеп, балаларды бейімдеу орталығының құрылысы жүргізіліп, ауысымына шамамен 500 адам қабылдайтын емхана мен онкологиялық диспансер, диагностикалық орталық салынбақ. Сондай-ақ, тараздықтардың көптен күткен неке үйі де осы ықшам ауданда бой көтеретін болады. Бұдан бөлек, ішінде спорт залдар мен жабық жүзу бассейні қарастырылған спорттық-сауықтыру кешені; құрамында би залдары, клубтар, қалалық кітапхана және кинотеатр бар демалыс орталығы да талайдың таңдайын қақтырады. Сонымен қатар, заманауи сауда - саттық, тұрмыстық қызмет көрсету кешендері мен бизнес орталықтардың да есік ашатын күні алыс емес.
Көне шаһардың көркем кеңістігіне келісті келбет сыйлайтын ықшам ауданның жобасын мұқият қарап шыққан аймақ басшысы өз кезегінде жобалаушыларға бірқатар ұсыныстарын да айтып өтті.
– Тараз қаласы күннен күнге құлпырып келеді. Бүгінгі таныстырылып отырған 14-ші ықшам ауданның құрылыс жобасы толықтай іске асса, көне шаһардың тағы да құлпыра түсетіні анық. Дегенмен, жобадағы демалыс орындарында субұрқақтарды байқамай тұрмын. Сондай-ақ, ықшам ауданда салынатын сауда кешендері үлкен жолдың бойында орналасыпты. Бұл өз кезегінде тұрғындарға қолайсыздық туғызуы мүмкін. Осыны қайта қарап, көлік аз жүретін ықшам аудан бөлігіне орналастыру қажет деп ойлаймын, – деді Кәрім Көкірекбаев.
Ұлттық құрылыс саласы ассоциациясы президенті М. Әзербаев облыс әкімі айтқан сын-ескертпелердің негізге алынатынын, алдағы күндері құрылыс жобасын жетілдіру үшін бірлескен жұмысшы кеңес құру бастамасын ұсынды. Бұл мәселе жөнінде аймақ басшысы тиісті сала басшыларына тапсырма берді.