Танымал вайнер Мейіржан Төребаевтың жұбайы Дана Есеева күйеуінің колониядағы жағдайы туралы айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы ол Виктория Новичковаға берген сұхбатында айтты.
"Бұрын Мейіржан тергеу изоляторында отырды. Ұзақ уақыт күтіп, тек 10-15 минут кездесе алатын едік. Қазір ол Алматыда, Павлодардан осында ауыстырылды. Күндіз жұмыста, кешке колонияға оралады", - деді әйелі.
Айта кетейік, бұған дейін вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов жазасын Павлодар облысында өтейтіні хабарланған еді.
Мейіржан Төребаев "№44 мекеме" РММ-де жазасын өтеп жатқаны айтылды. 13 наурыздан бастап ол ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің "Еңбек" ШЖҚ РМК "Еңбек-Павлодар" филиалында жұмысқа орналасқан болатын.
Мейірхан Шерниязов та "№44 мекемеде" жазасын өтеп жатқаны айтылды, 13 наурыздан бастап ІІМ ҚАЖК ведомстволық қызметінде "Еңбек-Павлодар" РММ-де жұмысқа орналасқаг еді.
Павлодар облысы бойынша ҚАЖД "Еңбек-Павлодар" РММ сотталғандарды жұмыспен қамтумен және тамақтандыруды ұйымдастырумен айналысады" деп түсіндірді.
Төребаев пен Шерниязов Mudarabah Capital қаржылық пирамидасы ісі бойынша сотталған болатын. 2023 жылы 23 маусымда вайнерлерден бөлек қаржылық пирамидасына қатысы бар тағы бірнеше адамға сот үкімі шықты.
Айыпталушы - 12 адам. Оның ішінде танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов бар. Төребаев пен Шерниязовтан басқа сотталушылардың барлығы дерлік Қылмыстық кодекстің 262-бабы бойынша ("Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу") кінәлі деп танылды.
Вайнерлер тек 217-бап (Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету) бойынша кінәлі деп танылды. Сот үкімімен күдіктілерге бас бостандығынан айырудың түрлі мерзімдері тағайындалды.
Сот үкімі бойынша Мейірхан Шерниязов бір бап бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға, Мейіржан Төребаев та тек бір бап бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға сотталды.