Талғат Ардан Түркиядан әлі экстрадицияланбаған

Көркем Алдабергенова 11 мау. 2025 13:05

Бұрынғы Astana LRT басшысы Талғат Ардан ұсталғанына бір ай өтсе де, әлі Түркияда. Бас прокурордың орынбасары Асет Шындалиев оның экстрадициясына қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz

Мәжіліс кулуарында Шындалиевке Astana LRT-ның бұрынғы басшысы Талғат Ардан неге ұзақ уақыт бойы ұстатпай жүргені туралы сұрақ қойылды. Оның айтуынша, Арданның ұсталу жылдамдығы оны іздестірген жедел қызметтердің жұмысына байланысты.

“Біздің қазақстандық қызметтер шетелге шығып, өз бетінше іздеу жүргізе алмайды. Шетелдік арнайы қызметтер Интерполдың көмегімен жұмыс істейді. Сондықтан оны (Арданды – ред.) Түркия полициясы ұстады”, – деді Бас прокурордың орынбасары.

Ол шетелдік арнайы қызметтермен әрекеттесу механизмін де түсіндірді.

“Біз адамды халықаралық іздеуге жариялаймыз, ол ақпарат Интерпол базасына енгізіледі, содан кейін әлем бойынша іздеу басталады. Тұлға табылған жағдайда, оны ұстау шаралары қабылданады. Өздеріңіз білетіндей, Талғат Ардан Түркияда ұсталды. Қазір ол Түркияда қамауда отыр. Астанаға әлі келген жоқ. Біз барлық қажетті құжаттарды түрік жағына жолдадық. Қазір олар материалдарды қарап жатыр және шешім қабылдайды. Оның Қазақстанға нақты қашан экстрадицияланатыны әзірге белгісіз. Себебі экстрадиция мәселесі Түркияның заңнамасына сәйкес реттеледі, біз түрік тарапынан процесті тездетуді талап ете алмаймыз. Бұл – олардың ішкі процесі және ол өз заңдарына сәйкес жүреді”, – деп толықтырды Шындалиев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар