Талғарда республикалық “Жаттығу” жастар жобасы басталды

Талғарда республикалық “Жаттығу” жастар жобасы басталды
Фото: «Дала Қырандары»

Бүгін Талғар қаласында «Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігі мен Спортшылар кеңесі спорт пен экологиялық бастаманы ұрпақтар сабақтастығымен ұштастырған ауқымды республикалық «Жаттығу» жобасын бастады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Астана мен Алматыдан Талғарға «Дала Қырандары» қоғамдық бірлестігінің бір топ азаматы келді. Олар «Әділет» партиясының 2026–2031 жылдарға арналған бағдарламасында көзделген аулаларды абаттандыру, қауіпсіз қалалық орта қалыптастыру және бұқаралық спортты дамыту жөніндегі міндеттерді жүзеге асыруға кірісті.

Енді «Жаттығу» науқаны аясында республикадағы аула спорт алаңдары «Дала Қырандары» жасақтарының қамқорлығына алынады.

Науқанның негізгі серіктесі – Қазақстанның Спортшылар кеңесі. Кеңес атынан қатысушыларды грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко құттықтады.

– Мен үшін бүгінгі кездесу өте маңызды. Бала кезімде осындай іс-шараларға қатысып, спортқа қызыға бастадым. Үйірмелерге барып, нәтижесінде күресті таңдадым және белгілі бір жетістіктерге жеттім, – деді спортшы.

Оның айтуынша, бұл жолы ол акцияға нұсқаушы ретінде қатысып, балалар мен жастарды спортқа және салауатты өмір салтына баулуға атсалысып отыр.

– Көптеген ұлы чемпионның жолы үйдің жанындағы қарапайым кермеден басталған. Егер жасөспірімнің жанынан дер кезінде тәлімгер, жарамды спорттық құрал мен дұрыс орта табылса, дені сау, физикалық тұрғыдан мықты ұрпақ және ұлттық спорттың қуатты резерві қалыптасатынына сенімдімін. Бүгінгі шараның отандасымыз, теннисші Елена Рыбакинаның әлемнің бірінші ракеткасы атануымен тұспа-тұс келуі де ерекше мәнге ие. Бұл – шынымен де зор жетістік! Барлық балаға дене шынықтыру мен белсенді өмір салты арқылы өзіне қызықты спорт түрін таңдап, Елена секілді жұлдыздарды үлгі тұтып, нағыз кәсіби спортшы болуды тілеймін. Алға, Қазақстан! – деді Юрий Мельниченко.

Акция барысында кәсіби нұсқаушылардың қатысуымен жалпы дене қыздыру жаттығулары мен жаттығу сабақтары өткізілді. Сондай-ақ воркаут және бастапқы дене дайындығы бойынша шеберлік сағаттары мен шағын турнирлер ұйымдастырылды. Балалар мен жасөспірімдерге көшедегі спорттық құралдарды дұрыс пайдалану техникасы үйретілді.

Бір сағаттың ішінде қалалық спорт алаңының келбеті өзгерді. Алаң мен көгалдар қоқыстан тазартылып, қоссырықтар мен кермелер боялды, ұсақ ақаулар жөнделіп, жас көшеттер отырғызылды.

Белсенділерге жақын маңдағы үйлердің тұрғындары да көмектесті. Олардың көбі балаларымен бірге келген. Тұрғындармен алаңдағы тәртіпті сақтау ережелері және алдағы тегін жаттығулардың кестесі талқыланды.

– Біздің «Жаттығу» бағдарламамыз жастарды өзіне тартатын жағымды әрі дұрыс ортаны қалыптастырады. Мұнда салауатты өмір салты сөз жүзінде ғана емес, нақты іспен көрсетіледі. Акциямыз Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасын да қолдайды. Біз бір реттік сенбілік өткізумен шектелмейміз – елдегі спорт алаңдарын тұрақты түрде қамқорлығымызға аламыз, – деді «Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Дамир Бекбосынов.

Оның сөзінше, бастама бір реттік жөндеуден әлдеқайда ауқымды. Ұйым спорт құралдарының техникалық жағдайы мен тазалығын бақылауды, тұрақты тегін жаттығулар және жергілікті турнирлер өткізуді жоспарлап отыр.

– Жобаның мақсаты – аулаларда салауатты орта қалыптастырып, тұрғындарды біріктіру арқылы синтетикалық есірткі, алкоголь және вандализм мәселелерімен күресу. Бүгін мұнда ұйымымыздың жүзге жуық белсендісі мен досы жиналып, спорт алаңын бірге ретке келтірді. Өйткені тәртіп – қауіпсіздік пен пайдалы әдеттерді қалыптастырудың алғашқы қадамы. Біздің мақсатымыз керме немесе спорт құралдарын жөндеумен ғана шектелмейді. Өз ауласына жауапкершілікпен қарайтын тұрғындар мен жастардың тұрақты қауымдастығын қалыптастырамыз, – деді Дамир Бекбосынов.

Ол акцияның апта сайын Қазақстанның 30-ға жуық қаласын қамтитынын атап өтті. Жоба ашық бірлескен жаттығулар мен қоғамдық орындарға ұқыпты қарауды қала өмірінің тұрақты дағдысына айналдыруды көздейді.