Мемлекеттік және жекеменшік әріптестік аясында пайдалануға берілген балабақшалардың қатары «Премиум-Талғар» балабақшасымен толықты. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай лентасы қиылған бөбекжай 500 балаға арналып салынған. Үш блоктан құрылған екі қабатты ғимарат жеке кәсіпкер Ғани Чаймерденовтың ықпалымен бір жыл ішінде бой көтерген. Мемлекет 80 га жер бөліп, мердігер мекеме 900 млн 155 мың теңгеге сәніне сапасы сай балабақша салып, ел игілігіне беріп отыр.
Сипаты мен мазмұны бөлек балабақшаның ашылуынаТалғар ауданы әкімінің бірінші орынбасы Ә.Тойбаев қатысып, ізгі тілегін жолдады:
– Біріншіден, ол мемлекеттік және жекеменшік әріптестік бағыты бойынша жұмыс істеп, соның нәтижесінде жеке инвестициялық жобаға мол қаржы құйылады. Екіншіден, бұл іске мемлекеттік бағдарламаға сәйкес жергілікті атқару органы да атсалысып отыр. Үш қабатты ғимарат жас өскіндерді сапалы тәрбиелеп, ой өрістерінің өсуіне, яғни білімді болып ер-жетуіне ықпал етеді деп сенеміз.
Сондай-ақ, шара барысында осы игілікті жұмысты іске асырған жеке кәсіпкер Ғ.Чаймерденұлы да сөз алып, бұл балабақшаның облыс бойынша алтыншысы екенін айта келіп, құттықтау тілегін жолдап, мекеме кілтін балабақша меңгерушісі Ж.Бейсенқызына салтанатты түрде табыс етті.
Екі мен алты жас аралығындағы балаларды тәрбиелейтін мектепке дейінгі мекемеде қазақ және орыс тілінде 24 топ бар. Жылы еден төселіп, балабақшаға қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. Әр бөлме сол топ балаларының жас ерекшеліктеріне қарай даярланған. Әр топқа арналған ойын алаңдары да ұмыт қалмаған. Бүгіннің өзінде 300 бала қабылданып, 60 жұмыс орнымен қамтамасыз етіліп отыр. Бүлдіршіндерге тек тәрбие беріп қана қоймай, олардың спортпен, музыкамен айналысуына баса назар аударылған. Сондықтан да болар, саламатты өмір салтын насихаттауға бағытталған бөлмелер жаңа сипатта жабдықталып, бала қуанышын еселей түсуге негізделген. Медбике бөлмесі, психолог, логопед және ұстаздар бөлмесі де бар. Бағасы да тиімді. Мұндай мүмкіндіктің туғанына ата-аналар да өз ризашылықтарын білдіруде.
Айта кетелік, осы күні Талғар өңірінде тағы 9 балабақша есіктерін айқара ашып, өз жұмыстарын ресми түрде бастады. Жекеменшік бағытта болса да барлығы мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы аясында бой көтеріп, сол жоба негізінде жұмыс істейді. Баланы қуантқан сәттің қадірі де үлкен болмағы осындай іс жүзінде дәлелденіп жатқанына аудан жұртшылығының алғысы шексіз.