Талдықорғанда студент пышақталып қаза тапты: полиция істі ерекше бақылауға алды

Талдықорғанда студент пышақталып қаза тапты: полиция істі ерекше бақылауға алды
istockphoto.com

Талдықорғанда студенттің өліміне қатысты қылмыстық іс полицияның ерекше бақылауына алынды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Марқұм жігіттің анасының айтуынша, 7 мамыр күні кешке ұлы достарымен футбол көруге кеткен. Олар жиналған пәтерде шамамен он шақты жас болған.

Отырыста жастардың арасында жанжал шығып, кейін жігіттер далаға шыққан. Біраз уақыттан соң олар қайта кездескен.

Анасының сөзінше, сол кезде мектеп оқушысы Жәңгірді қайта шақырып алып, оған бірнеше рет пышақ сұққан. Студент алты жерінен жараланып, оқиға салдарынан қайтыс болған.

Жетісу облысының полициясы күдіктінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады. Сот оны қамауға алуға санкция берген.

Қазір тергеушілер оқиғаның қалай болғанын анықтап жатыр. Жанжалға қатысқан адамдардан жауап алынып, сараптамалар тағайындалған.

Облыстық полиция департаментінің басшылығы істің тергелуін ерекше бақылауға алған.