Талдықорған қалалық мәслихатының депутаты, "Amanat" партиясының мүшесі Жарылқасын Болатұлы аса ірі көлемдегі алаяқтық жасағаны үшін 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы журналист Михаил Козачков мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алматы қаласының Медеу аудандық сотында қаралған іс материалдарына сәйкес, депутат элиталық ауданда орналасқан тұрғын үйін бірнеше адамға сатып, заңсыз пайда тапқан.
Алғашқы сатып алушыдан кепілақы алып, ақшаны қайтармаған
Тергеу мәліметінше, 2025 жылдың ақпанында Болатұлы үйді сатуға келісіп, алғашқы сатып алушыдан 10 миллион теңге көлемінде кепілақы алған. Алайда ол баспананың «қызыл сызық» аумағында орналасқанын, яғни болашақта сүрілуі мүмкін екенін жасырған. Соның салдарынан мәміле жүзеге аспай қалған.
Журналист Михаил Козачковтың жазуынша, келісім бұзылғаннан кейін депутат кепілақыны қайтармаған.
"Ол сатып алушының телефон нөмірін бұғаттап, қоңыраулары мен хабарламаларына жауап беруді доғарған", – деп жазды Михаил Козачков.
Екінші сатып алушы банк алдындағы қарызды өтеген
Кейін үйді сатып алуға тағы бір адам ниет білдірген. Бұл жолы депутат жылжымайтын мүліктің банк кепілінде тұрғанын айтып, мәмілені рәсімдеу үшін алдымен 116 миллион теңге көлеміндегі берешекті жабу қажет екенін түсіндірген.
Сатып алушы аталған соманы банкке аударып, кейін қалған 3 миллион теңгені депутаттың өзіне берген. Өз кезегінде ол үйдің түпнұсқа құжаттарын алған. Алайда кейінірек үйге банктен бөлек тағы бірнеше тыйым салынғаны анықталып, мәмілені аяқтау мүмкін болмаған.
Үй үшінші адамға да сатылған
Тергеу нұсқасына сәйкес, банк кепілі алынғаннан кейін Жарылқасын Болатұлы құжаттардың телнұсқасын рәсімдеп, сол үйді үшінші адамға да сатып жіберген.
"Осылайша іс бойынша тағы бір жәбірленуші пайда болды", – дейді Михаил Козачков.
Соттағы уәжі және үкім
Сот барысында депутат өз кінәсін мойындамағанымен, сатып алушылардан ақша алғанын растаған. Оның айтуынша, бұл қаражат "Айсулу" тігін фабрикасына салынған.
Бірінші сатып алушы өзін қорлағандықтан онымен байланысын үзгенін, ал екінші сатып алушы банкке қатысты мәселелерді өз бетінше шешуі тиіс болғанын алға тартқан. Сонымен қатар жәбірленушілерге келтірілген шығынның өтелгені белгілі болды.
Үкім шығару кезінде судья Жасұлан Хусаинов:
"Сотталушының түзелуі тек қоғамнан оқшаулау арқылы мүмкін", – деген қорытындыға келген.
Осыған байланысты сот Жарылқасын Болатұлын орташа қауіпсіздік мекемесінде 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.