Аталмыш фестивальға мәдениет қайраткері, ақын Жұматай Оспанұлы, ТМД елдерінің ең танымал суретшісі Евгений Яковлев, Санк-Петербургтегі танымал комикстерді шығаратын «Рамона» баспа үйінің бас редакторы Руслан Хубиев сынды спикерлермен қала тұрғындары қатысты. Хедлайнерлер «Комикстерді жинау дегеніміз не?», «Комикстердің шығу тегі» секілді тақырыптарда шеберлік сағатын өткізді.
Бүгінде комикстың көптеген анықтамалары бар. Комикс – әдебиет және сурет өнерін қарастыратын, кейіпкерлер хикаясы. Қазіргі таңда комикстердің оқиғалары әлемді құтқару, әділетке жақтасу мақсатымен шығарылып жүр. Ерекше күшке ие қаһармандарға қарсы тұратын жағымсыз образдар да комикстерде көрініс алып жатады. Парақ бетінен киноиндустрия бағытына сырғып барған бұл өнер әр дәуірде әртүрлі танылды.
– Бүгінгі күні комикстерді халық дұрыс түсіне алмай жүр. Себебі, жоғарғы буын өкілдері оларды маңызды емес кейіпкерлер ретінде қабылдайды. Сондықтан осы шара арқылы үлкендерді осы жайлы хабардар етіп, бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты жақындатқымыз келеді, – дейді Ресейден келген коллекционер және комикс блогер Руслан Хубиев.
Аталмыш фестивальде сонымен қатар, «Қазақстан – 2017» халықаралық кітап көрмесінде «Үздік графикалық басылым» номинациясы бойынша жеңімпаз болған «Ермек батыр» кітабындағы кейіпкерлер таныстырылды. Мәдибек Мұсабековтың шығарған отандық өнімі еуропалық стандарттар деңгейінде жасалған тамаша сапаның үлгісі бола білді.
– Бұл жобаны ұйымдастыруға бір жарым ай уақыт кетті. Əрине, басында қорқыныш үрейі басым болса да, алға мақсат қойып, ізденіс үстінде болдым. Нәтижесі жаман емес, халықтың көңілінен шықты деген ойдамын. Бұл жалғыз менің ғана емес, осы уақыт аралығында қолдау көрсетіп, қол ұшын берген жандардың да еңбегі, – дейді жоба ұйымдастырушысы Динара Əсетбекова.
Сондай-ақ, іс-шара көрермендерін отандық фильмдердің көрсетілімімен, «Қазақ хандығы» және «Hobbygame» үстел ойындарымен, «Salbencomics» баспа үйініңшеберлік сабағымен және де тақырыптық жәрмеңкелерімен қуантты.
Айта кету керек, «Үздік косплей» байқауында «Ривиялық Геральт» образын сомдаған Антон Филипов бірінші орынды иеленді. Ол құттықтау дипломы мен смартфонның иесі атанды. Осымен бірге, «Қазақ хандығы» ойынының жеңімпаздары да назардан тыс қалмай, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Балжан Қайратқызы,
Алматы облысы