Талдықорғанда регби бойынша облыстық құрама командаларын дайындау және олардың жарыстарға қатысуын қамтамасыз ету үшін бюджеттен 387,9 миллион теңге бөлінбек. Бұл сома Қазақстанда регбиге бағытталған мемлекеттік қаржыландыру көлемі бойынша ең ірі көрсеткіштердің бірі, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Аталған дерек мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған конкурс құжаттарында көрсетілген.

Мемлекеттік тапсырыс беруші – Жетісу облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы. Сатып алу "спорттық клубтардың қызмет көрсетуі" ретінде рәсімделген.

Қаражат регби бойынша облыстық командалардың оқу-жаттығу процесін ұйымдастыруға, спортшыларды дайындауға және жарыстарға қатыстыруға бағытталмақ. Қызмет көрсету бір кешенді лот аясында жүзеге асады. Келісімшарттың мерзімі 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін белгіленген. Құжатта 30 пайыз аванстық төлем қарастырылған.
Жалпы бөлінген сома 387 931 034 теңгені құрайды. Қаржыландыру Жетісу облысы, Талдықорған қаласы аумағында жүзеге асырылады.

Аталған шешім қоғамда бірқатар сұрақ туындатып отыр. Регби Қазақстанда дамып келе жатқан спорт түрі болғанымен, ол әлі күнге дейін бұқаралық спорт санатына толық енбеген. Футбол, бокс, күрес немесе дзюдо секілді спорт түрлерімен салыстырғанда қатысушылар саны мен көрермен қызығушылығы жағынан артта қалады. Осы тұрғыдан алғанда, жүздеген миллион теңгенің дәл осы бағытқа бөлінуі қаншалықты орынды деген мәселе туындайды.
Айта кету керек, сатып алу ашық түрде жарияланғанымен, бөлінген қаражаттың нақты қандай шығын баптарына жұмсалатыны конкурс құжаттарында егжей-тегжейлі көрсетілмеген.
