Талдықорғанда бизнес белсенді дамып келеді

Dalanews 07 ақп. 2018 17:22 818

Бүгін облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен Көрме павильонында Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаевтың ел алдындағы есеп беру жиыны өтті, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жиында қала әкімі 2017 жылы атқарған қызметі және 2018 жылға міндеттер туралы баяндама жасады.

Қала әкімінің айтуынша, 2017 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісіндегі өнім көлемі 67,0 млрд. теңгеден асып, 2016 жылмен салыстырғанда 15%-ға артты. Өткен жылы 7 кәсіпорын іске қосылып, қолданыстағы 2 өнеркәсіп кеңейтілген. Соның нәтижесінде 237 жаңа жұмыс орны құрылды.

Биылғы жыл міндеттерінің бірі – «Талдықорған» индустриалды аймағына инвестиция тарту. Әзірге мұнда 2 кәсіпорын жұмыс істеп тұр.

Баяндамадағы мәліметтерге жүгінсек, ауыл шаруашылығындағы өнім көлемі 16 млрд. теңгеге жеткен, қаладағы 71 шаруа қожалығы «Агробизнес - 2020» бағдарламасы шеңберінде 5 кооперативке біріктірілген.

Шағын және орта бизнес саласында 58,1 млрд. теңгенің өнімі шығарылып, 352 жаңа жұмыс орны құрылды. Жалпы Талдықорғанда 26 мың адам еңбек ететін бизнестің 9861 субъектісі жұмыс істейді.

Биылғы жылы құрылыс саласындағы басым бағыттың бірі – коттедж қалашығын салу. Жыл соңына дейін құны 2,4 млрд. теңге болатын 202 пәтерлі 166 коттедж тұрғызу көзделген. Сонымен қатар жыл аяғына дейін бюджет қаражаты есебінен 520 пәтерлі 9 көпқабатты үй, жеке қаражат есебінен 195 пәтерлі 4 көпқабатты үй салынады.

Сол сияқты биылғы жылы қала әкімдігі 100 ауланы абаттандыру жобасына кіріспек. Соның ішінде 50 аула аумағы кәсіпкерлердің көмегімен «Туған жер» жобасы бойынша жүзеге асырылады деп күтілуде.

Қаланы абаттандыру, көркейту, жол жөндеу бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылған. Қаланы газдандыру жалғасуда. Бүгінгі күні табиғи газға 393 абонент қосылса, тағы 233-ін қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Газға ауыстыру мақсатында 5 қазандыққа жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін ЖСҚ дайындалуда. Жыл соңына дейін оның 2-еуінде жұмыстар аяқталады.



2017 жылы қаланың жалпы ұзындығы 35,5 шақырым болатын 39 қосалқы көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биылғы жылы тағы 55 көшеге жөндеу жоспарына енгізіліп отыр.

Баяндамадан кейін қала тұрғындары өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Тұрғындар тарапынан айтылған өзекті мәселелердің ішінде балалар үшін шатырлы лагерьдің орнына жазғы демалыс нысанын салу, қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасын арттыру, қаладағы әскери қалашықтағы көпқабатты үйлерді қаланың коммуналдық меншігіне өткізу проблемалары айтылды. Сонымен қатар, сауал қоюшылардың сөзіне сүйенсек, мәселен, Қабылиса жырау, Ғ. Орманов, Рүстембеков көшелерінің кейбір қиылыстарында бағдаршамның жоқтығы автокөліктер үшін түрлі қолайсыздықтар туғызып отыр. Ал Үйтас саяжайы тұрғындарының ауыз судан тапшылық көріп отырғандарына да біршама уақыт болған. Қала көшелеріне газ құбырларын төсеп жүрген құрылысшылар жұмыс аяқталған соң қазылған шұңқырларды жаппай, жолдардың асфальттарын ретке келтірмей, соңдарынан қоқыстар қалдырып кететін жайттар да кездеседі. Осы және өзге де түйінді мәселелерге қала әкімі жауап беріп, олардың шешілу жолдарын баяндады.

Есепті кездесуді қорытындылаған облыс әкімі А. Баталов қала тұрғындары үшін облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында қысқаша тоқталып өтті. Ауыл шаруашылығындағы, өнеркәсіп өндірісіндегі, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық салалардағы, әлеуметтік бағыттағы атқарылған жұмыстар жайында айта келе:

– Облыс орталығы Талдықорған қаласының бюджеті соңғы үш-төрт жыл көлемінде едәуір өсті. Халқының саны 172 мыңға жетіп отыр. Бизнес белсенді дамып келеді, салық түсімі де артты, даму көрсеткіші жақсы. Дегенмен, әлі көңіл аударатын нәрселер баршылық, Мәселен, Зертхана мен Әйелдер консультациясы ғимараттарын салу жайында нақты ұсыныстар дайындап көрсету туралы айтқанмын, бұл тапсырма әзірге орындалған жоқ. Алдағы уақытта облыстық денсаулық сақтау басқарасымен бірігіп, осыған кірісіңдер.Азаматтарға арналған үкімет, бассейн нысаны құрылыстарының жұмысын жеделдету керек. Орталық алаңды жаңғырту ісін, театр ғимаратын шілдеде аяқтауды тапсырамын. Жаңадан салынған шағын аудандарға шағын сәулеттік формалар орнатып, көк желек отырғызып көркету қажет.Қаладағы қоғамдық көліктер жаңа, сапалы, және сыйымдылығы үлкен болуы тиіс. Қала билігі ретінде тасымалдаушылардан қызмет көрсету сапасын көтеруді талап етіңдер. Сол сияқты газдандыру, қатты қалдықтарды жинау мен сұрыптау, көшелерді жөндеу, аулаларды абаттандыру ісін сапалы деңгейде жалғастыру керек. Президент өз Жолдауында атап өткендей, қай саланы болса да дамытуға «Смарт Сити» жүйесінің мүмкіндігі мол. Сондықтан «Ақылды қала» жобасына енгізу – алдағы міндеттердің бірі.



Жалпы менің берген тапсырмаларымды назарға алып, ұсыныс беріп жатырсыңдар. Енді сол айтылған ұсыныстарды нақты жүзеге асырсаңдар, жұмыстың нәтижесі деген сол. Біз өз тарапымыздан облыс орталығына жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастырып, қаланың көркейе беруіне атсалысатын боламыз, – деді А. Баталов.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

https://dalanews.kz/32905

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар