Талдықорғанда бассейн салынуда. Оның сіз білмейтін бір ерекшелігі бар (видео)

Dalanews 02 мау. 2020 08:14 814

Талдықорғанда әлемдік стандаттарға сай келетін бассейн салынуда. Пайдалануға берілгесін  бұл кешен күніне 750 адамға дейін қабылдай алады.




Нысанның сыртқы пішіні ерекше. Бассейннің сыртқы көрінісі балық силуэтіне ұқсайды әрі Талдықорғанның төрт бұрышынан мен мұндалап көрінеді. Құрылыс жұмыстары карантин уақытында да толастаған жоқ.



Алдағы уақытта осынау кешен қаланың сәулетіне сән кіргізетін, әрі жергілікті жұртқа су спортымен айналысуға мүмкіндік беретін орталыққа айналмақ.   


Әзір құрылыс басында жүздеген жұмысшы жүр. Бассейннің қабырғасын қалауда жаңа технологиялар және заманауи материалдар пайдаланылуда.

Құрылысқа жауапты  "Bazis Construction" бұған дейін “Алматы-Арена”, Нұрлы-тау бизнес орталықтарын салған. Компания өкілдерінің айтуынша құрылыс жұмыстары шілденің аяғында толық аяқталып, тұрғындар игілігіне беріледі.

27 мың шаршы метрді алып жатқан аумақта бір емес, бірнеше бассейн орналасады, оның ішінде ересектер мен балаларға арналған бассейндер бар, суға секіріп үйренгендер үшін де жағдай жасалады.

Жоспарға сәйкес, нысанның  2 қабаты және жертөлесі бар.  2 халықаралық стандартқа сай бассейн болады.  Біріншісінің  ені 25, ұзындығы 52 метрге созылмақ. Ол  суға жүзу жарысына негізделген. Ал, екіншінде  5-тен 10 метрлік биіктіктен  атлеттер суға секіріп, үздіктерін анықтамақ. Сонымен қатар  әуесқойлар мен балаларға арналған бассейн де қарастырылған. Үстіңгі қабатта 7 спорт зал болады.

Бассейннен бөлек бұл арада суға жүзе алмайтындарға арналған арнайы "хауыздар", медициналық мекеме, жаттығу залдары, буфет және демалысқа қажетті басқа да орталықтар орналасады.

Яғни спортшыға қажет барлық жағдай қарастырылған. Жобаны әзірлеу кезінде оның көп функциялығына, ыңғайлығына да, эстетикалық келбетіне де көп көңіл бөлінген.

Айта кетелік жобаның үлгісін сызуға Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың өзі атсалысты, кейіннен құрылыс барысын жіті бақылап отырды. Әкім кешеннің бассейнмен ғана шектеліп қалмай, басқа да қызмет түрлерін қамтуына назар аударды.


Атап айтар болсақ бұл арада ұл-қызын су спортына баулығысы келетіндер үшін арнайы оқу-жаттығу залдары жұмыс істейді. Су добы және суға секіру бойынша да тәжірибелі мамандардан тәлім ала аласыз. Ал өңірдегі аз қамтылған отбасыларға бассейнге жазылуға жеңілдік жасалады.

Амандық Баталовтың тапсырмасын бассейннің құрылысына жауапты мердігер компанияда да бұлжытпай орындауда.

"Спортпен айналысатын азаматтардың қауіпсіздігін бірінші кезекті ойлау керек. Суға секіруге арналған тақтайша арнайы тіреуіштермен жасақталып, адамға зақым келтірмеуі тиіс" – деген-ді аймақ басшысы.

Мердігер компания мамандарының айтуынша биіктігі 5,7 және 10 метр құрайтын мұнаралардың қауіпсіздік деңдейі жоғары.

Ал Талдықорған тұрғындары бассейннің ашылуын асыға күтіп жүр.

"Бассейн ашылған күні асығып жетемін. Алдымен қызымды акваэробикаға жаздырамын. Біздің қаламызда мұндай деңгейдегі нысанның пайда болуы бүгінгі буынның спортпен айналысуға құлшынысын туғызары анық. Бұл бассейн жас спортшыларға жетістігін жақсартуға шабыт сыйлайды. Мотивация береді.

Оның үстіне қаламыздың сәнін кіргізіп, көздің жауын алар кешеннің бірі болады", – дейді Талдықорған тұрғыны Бану Күмісбекқызы.

Бассейнде ауқымды спорттық жарыстар өткізіледі. Аймақ басшысы Амандық Баталовтың атап өткеніндей бұл бассейн ең алдымен облыс тұрғындарына арнап салынуда.

Суда жүзу орны қолданысқа берілгеннен кейін,  тұрғындар осы нысанда бос уақыттарын өткізіп, ауқымды спорттық сайыстарды тамашалауға мүмкіндік туады.

Айта кетелік халықаралық талаптарға сай спорт кешенінің құрылысы өткен жылдың көктем айында  басталған.



https://youtu.be/X3yShm75KDU

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар