Талдықорғанда 2021 жылы жаңа бассейн пайдалануға берілмек (видео)

Dalanews 20 мау. 2019 11:07 1148

Талдықорғанда халықаралық стандартқа сай басейннің құрылысы басталды. Нысан 2021 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Олимпиадалық стандарттарға сәйкес салынатын бассейн алаңы 8680 мың шаршы метрді құрайды. Тағы бір ерекшелігі – сәулеттік кейпі балық сұлбасына келтірілмек.

– Біз қашанда спортқа ерекше мән беруге тырысамыз, өйткені спорт – ұлттың саулығы. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үнемі айтып жүреді. Сондықтан елімізде теңдесі жоқ бассейн салуды қолға алмақпыз. Бұл уақыт өте келе Талдықорғанды су спорты түрлерінің орталығына айналдыруға мүмкіндік береді деп ойлаймын, – деді Амандық Баталов.

Өңір басшысы жаңа бассейнде әлемдік деңгейдегі жарыстар өткізуге болатынын айтты. Себебі жаңа ғимарат 4 бассейнді қамтитын болады. Екеуінің ұзындығы 50 метрден, ені 25 метрден, тағы екеуі олимпиадалық ойындарға арналған – біреуі жаттығуға, екіншісі жарысқа арналған.

Жалпы, жабық бассейн жертөлесі бар үш қабатты ғимарат болмақ.

Әмбебап бассейн жүзу, аквааэробика, судағы шөген, суға секіру бойынша оқу-жаттығу өткізуге, тұрғындар үшін сауықтыруға арналған жүзуге, балаларды жүзуге үйретуге, сол сияқты көрермендердің қатысуымен өтетін жарыстарға арналған. Ал көрермендер трибунасы 570 орынға лайықталған.

Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да жүзумен айналысуына жағдай жасалады. Аталмыш нысанда су спорты түрлерінен әлем чемпионатын өткізуге болады. Ал жарыстардан тыс уақытта қалалықтар осы ғимаратта жүзумен айналысуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, ең үздік жаттықтырушылар жұмыс істеп, болашақ чемпиондардың шынығуына қажетті барлық жағдайлар жасалынатын болады.

 

 

Балжан ЖҰМАНБЕКОВА,

Алматы облысы.

 

https://youtu.be/5Jk-pnZ6VKs

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар