Талдықорғанда 1,2 млрд теңгеден асатын мемлекеттік сатып алулар тоқтатылды

Қаракөз Амантай 23 қаң. 2026 15:29

Талдықорғанда саябақтар мен скверлерді күтіп-ұстауға қатысты бірнеше ірі мемлекеттік сатып алу конкурсы тоқтатылды. Бұған КТРУ-дың дұрыс таңдалмауы себеп болған. Жалпы саны онға жуық конкурс күшін жойды, ал олардың жалпы сомасы 1,2 миллиард теңгеден асады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мемлекеттік сатып алуда КТРУ (тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің бірыңғай номенклатурасы) қолданылады. Бұл жүйе арқылы әрбір сатып алу нысаны нақты кодпен белгіленіп, соған сәйкес қандай ұйымдардың қатыса алатыны, қандай тәртіп қолданылатыны және қандай талаптар қойылатыны анықталады.

Алайда Goszakup turaly телеграм арнасының мәліметке сүйенсек, Талдықорғанда аумақты абаттандыру, саябақтар мен скверлерді күтіп-ұстау жұмыстары КТРУ бойынша дұрыс көрсетілмей, ғимараттар мен құрылыстарды және оларға іргелес аумақтарды күтіп-ұстау қызметі ретінде жарияланған. Ал бұл санат нақты бір ғимаратқа қатысты қолданылуы тиіс. Конкурстарда ондай ғимараттар көрсетілмеген.

Мәселенің ең маңызды тұсы, КТРУ дұрыс таңдалған жағдайда, бұл сатып алулар мүгедектігі бар адамдардың ұйымдары арасында өткізілуі керек болатын. Қате КТРУ қолдану арқылы заңмен қорғалатын жеткізушілер тобы конкурсқа қатысу мүмкіндігінен айырылған. Бұл шектеу конкурс жарияланған сәттен бастап-ақ орын алған.

Сарапшылардың айтуынша, мұндай қателікті бірнеше минуттың ішінде түзетуге болады, алайда қолданыстағы жүйеде сатып алу қайта жарияланған күннің өзінде тапсырыс беруші жауапкершілікке тартылмайды. Бұл жағдай мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың және мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғауға бағытталған нормалардың сақталмауына әкеліп отыр.

Мамандар қазіргі жағдай мемлекеттік сатып алулар жүйесінің тиімсіздігін көрсететінін алға тартады. Олардың пікірінше, бұл салада кәсіби мемлекеттік сатып алушылар институтын қалыптастыру немесе сатып алу жүйесін орталықтандыру аса қажет. Сонымен қатар бұзушылық кейін түзетілсе де, жауапкершілік қарастырылуы тиіс деген ұсыныстар айтылып жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove