Талдықорған әкімдігіндегі дау: Тутубаев кімді ұрды?

Dalanews 22 мау. 2017 10:55 789

Талдықорған әкімдігінде келеңсіз жағдай болды. Қала әкімінің міндетін атқарушы Асқар Тутубаев пен кәсіпкер Алмасбек Садырбаев төбелесіпті.

Әкім Асқар Тутубаевтың аты бұған дейін де баспасөзде жиі аталған болатын. Оның Қытайдан келген этникалық қазақ Қонай Масипханды ақшамызды алып, қайтармай жүр деп інісі арқылы сотқа бергені хабарланған. Кәсіпкер болса інісі Бақытбек Тутубаев тергеу изоляторында ұрып, қорқытып қолхат жаздырып алғандығын айтады. Сондай-ақ, Тутубаевтар өзін түрмеге отырғызамыз деп қоқан-лоқы жасап, үнемі қысымға алатындығын, екі жыл бойы паспортсыз Алматыда жүргенін айтқан болатын. Бұл іс қазір бұрынғы терегу кезіндегі заңсыздықтарға байланысты  Іле аудандық полициясына қайталай тергеуге жіберілген. Қонай Масипхан мен Тутубаевтар арасындағы сотты  Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровтың өз назарына алатыны белгілі болған еді. Енді мына дау шықты...

Бұл туралы бизнесмен әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Айта кетелік, Садырбаев бұрынырақта қала әкімінің кеңесшісі болған.

[caption id="attachment_268270" align="aligncenter" width="327"] Садырбаев[/caption]

Садырбаевтың сөзіне қарағанда субсидиялауға қажетті құжаттарды толтырарда қате жіберіп, қайта толтыруға мәжбүр болған. Ал қате толтырылған құжатқа қол қойған Тутубаев құжатқа екінші қайтара қол қоюдан бас тартқан. "Құжаттарды бір қарап шығуым керек" депті ол.

Садырбаевтың айтуынша, осының кесірінен бірнеше сағат бойы әкімнің қол қоюын күтіп, кабинетін күзетіп отыруына тура келген.

"Шынымды айтайын, төзімім таусылып кетті. "Сіз үшін қанша уақытымды жоғалттым. Босағаңызда телміріп отырғаныма жарты күн болды. Мұныңыз не?" дедім. Жарылуға шақ қалған едім. Тутубаев та қарап қалған жоқ. Сөзбен ұстаса кетті. Жағамнан алды...Есімде қалғаны Тутубаевтың жұмыс кабинетінде көмекшілері қолымды қайырып ұстап тұрды. Сонысымен шектелсе бірсәрі. Тутубаев жұдырық жұмсады. Қаным басыма шапты. Көмекшілерін итеріп тастадым, өзіне қарсы жүрдім. Есемді қайтардым. Көмекшілер қайтадан бас салып, қолымды қайырып салды. Қол-аяғы байланған мені Тутубаев тағы да ұрды. Әйтеуір, әрең дегенде босап шықтым", – дейді кәсіпкер.
Ал Тутубаевтың айтуынша, дау мүлде басқаша өрбіген. Садырбаев оның қол қоюын сұрап күннің алғашқы жартысында келген.

– Маған көрсеткен алғашқы құжатта ауыл шаруашылығына жауап беретін әріптесім Нұрлан Мәмбетжановтың қолы болған. Екінші құжатта болған жоқ. Иә, құжатты қалдырып кетуін айтқаным рас. Себебі, алғашқы құжатта қате болғандықтан, кейінгісін мұқият қарап шықпақ болдым. Субсидия аз емес. 7 миллион теңге, – дейді Тутубаев.

Қала әкімінің міндетін атқарушы сонымен қатар төбелесті Садырбаевтың өзі бастағанын айтты.

[caption id="attachment_268271" align="aligncenter" width="313"] Тутубаев[/caption]

"Тұмсығымды бұзбақ болды. Дер кезінде бұрылып үлгердім. Артынша әкімдіктегі қызметкерлер ажыратып жіберді бізді. Сонда да қойған жоқ. Төбелес шығарғысы келді. Ең ақыры қызметкерлер жұмылып Садырбаевты кабинетімнен шығарып жіберді. Бәрін қойшы, осының кесірінен көйлегім жыртылды. Болған жайды бірден полицияға хабарладық" дейді Тутубаев.

Әкімдіктегілердің айтуынша, Алмасбек Садырбаев кеңесші қызметінен биылғы жылдың 10 сәуірінде қуылған. Қазір осы іске байланысты тергеу жұмыстары басталды. Бұдан сырт бұл істі Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы агенттігінің Алматы облыстық департаменті де назарына алды.

Тақырыпқа қатысты мақалалар:

https://dalanews.kz/24470

https://dalanews.kz/24628

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар