Такир БАЛЫҚБАЕВ: «Онлайн оқуды жетілдіруге жауапкершілікпен қарау қажет»

Dalanews 26 шіл. 2020 03:54 1058

Әлем пандемия құрсауында қалып отыр. Күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге көптеген өзгерістер енуде. Әсіресе білім беру саласында. Осы ретте “QOLDA” жедел көмек көрсету жобасы аясында Dalanews.kz сайты Абай атындағы ҚазҰПУ-дің ректоры Такир Балықбаевпен студент жастардың онлайн оқу қалай қабылдағаны, еліміздегі жоғары білім беру жүйесіндегі дайындық шаралары және алдағы жоба-жоспарлары жайында сұхбат құрды. Енді осыған назар аударсаңыздар. 



– Такир Оспанұлы, қазіргі пандемия кезінде онлайн оқу жоғары оқу орындары үшін де маңызды болып тұрғаны белгілі. Жалпы, өзіңіз басқарып отырған оқу орны онлайн білім беру ісіне қаншалықты дайын? Онлайн оқуды жетілдіруде қандай шаралар қабылдап жатырсыздар?

– Біздің университетте қашықтан оқыту жүйесін бұрыннан іске асырып келеді. Бірақ ол кезде студенттердің белгілі топтарына ғана қашықтан оқыту жүйесін қолдандық. Осы тұрғыдан алғанда біздің оқу орны қашықтан оқытуға біршама дайын болды. Ал пандемия кезінде осы машығымызды дамытып, студенттерге қашықтан сапалы білім беруге бар күш-жігерімізді жұмсадық. Өткен жылғы оқу аяғында студенттеріміз бен магистранттарымыз қашықтан оқыды. Рас, университет қабырғасында білім алып жүрген шәкірттерді жаппай қашықтан білім беру жүйесіне көшіру біз үшін де, білім алушылар үшін де үлкен жаңалық, іс-тәжірибе болғаны анық. Қашықтан оқытуға қатысты бірқатар сұрақтар да туындады.

Жалпы, біздің қашықтан оқытуға дайындығымыз жақсы болатын. Өйткені біздің оқу орнында «Универ», «Модуль» деген ақпараттық жүйелер бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келген-ді. Бірақ о баста аталған ақпараттық жүйелердегі студенттерге қажетті оқу материалдары, тапсырмалар мен қажетті видео материалдар жеткіліксіз болды. Осы ақпараттық жүйелерді дер кезінде толтырып, кем-кетіктерді реттеудің сәті түсті. Осылайша, пандемия кезінде студенттерге қашықтан білім беру жүйесін абыроймен атқардық.

Десек те, осы ретте екі мәселеге назар аудара кеткенді жөн санап отырмын. Біріншіден, осы қашықтан оқуға ұстаздар мен студенттер қаншалықты дайын болды деген сұрақ туындайды. Мойындаумыз керек, онлайн сабақтар өткізуде іс-тәжірибесі болмаған ұстаздар қауымы алғашқыда біршама қиналды. Бұл кемшілікті жою үшін ұстаздар арасында жедел вебинарлар ұйымдастырып, онлайн оқытудың қыры мен сырын қысқа мерзім ішінде үйретуге тура келді. Вебинарлардан кейін ұстаздарымыз сабақты беруге де, студенттердің алған білімін тексеруге де дайын болды. Осылайша, онлайн білім беруге мүмкіндігімізді кеңейттік.

Екінші қиындық студенттерге байланысты болды. Жалпы, жаңалық пен жаңа технологияны игеруде жастар белсенді ғой. Бұл жерде бар мәселе техникалық қамтамасыз ету мен интернеттің жағдайына байланысты туындады.

Өздеріңіз де білесіздер, қазіргі таңда кейбір ауылдарда интернет дұрыс жұмыс істемейді. Десек те,  жастарымыз қолдарындағы ұялы телефондарымен интернет жақсы ұстайтын көрші ауылдарға, жергілікті жердегі мектептерге барып, сабақтарына онлайн режимде қатысып, білім алуға үлкен жауапкершілікпен қарайтынын көрсетті.

– Пандемия көктемгі сессия кезіне тура келді. Жастарды жыл бойы алған білімін сынау барысында қиындықтар туындамады ма?

– Иә, біз үшін сессия өте маңызды. Жыл бойы алған білімінің нәтижесін анықтаудың маңызы ерекше. Ұстаздар қауымы онлайн сабақтарды өткізіп, студенттердің тест сұрақтарына жауап берді. Бұл процесті бақылау, жалпы сынақтардың қалай өткенін анықтау үшін «Проктерент» жүйесін енгіздік. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіріп жатқан жайымыз бар. «Проктерент» жүйесі арқылы оқу бітірген түлектеріміздің мемлекеттік сынақтарды қалай тапсырғанын, дипломдық жұмыстарын қорғауын онлайн режимде бақылап ұстаздар өз бағаларын берді. Осылайша, университеттегі цифрландыру жұмыстары пандемия кезінде бізге айрықша көмегін тигізгенін мақтанышпен айта аламын. Әрине, алдағы уақытта осы жұмыстарымызды ары қарай жалғастырып, ақпараттық жүйелерімізді дамыта түсуге күш саламыз.

Дайындығымызды ұштай түсу үшін «Цифрлы педагог» деген жобамызды дамытып жатқан жайымыз бар. Видеодәрістер мен вебинарларды қалай дайындаудың жөн-жобасын ұстаздарға үйретіп, көрсетудеміз.

Академиялық күнтізбемізді де қашықтан оқытуға ыңғайлап  дайындадық.

– Жалпы, оқу орын ұстаздары мен студенттер қашықтан оқытудың ерекшелігін сезінді ме?

– Әлбетте, ұстаздарымыз да, студенттеріміз де қашықтан оқытудың мән-маңызын түсініп, сезінді деп нық сеніммен айта аламын. Қашықтан оқытудың басты ерекшелігі күндізгі оқу секілді студенттерді күнде оқытып, күнде тапсырма беретін мүмкіндік жоқ. Сондықтан бәріміз кеңесе отырып, қанша уақыт дәріс оқып, семинар өткіздік, балалармен қалай талқылау өткізудің кестесін дайындадық. Тамыз айының соңғы аптасында университет табалдырығын аттайын деп отырған студенттерді қашықтан оқу жүйесіне дайындайтын боламыз.

– Ұстаздар қауымы мұндай өзгерістерді тез қабылдап, тез бейімделетінін білеміз. Ал осы қашықтан оқу жүйесін студент жастар қалай қабылдады. Психологиялық тұрғыдан қандай да бір кедергілер болмады ма?

– Пандемия тұтас елдің басына түскен қиыншылық болғаннан кейін ұстаздар да, студенттер де қашықтан оқудың маңызын бірден түсініп, бұл жүйені бірден қабылдады. Ешқандай қарсылық болған жоқ. Қашықтан оқу жүйесіне бір ай өткеннен кейін бірнеше рет студенттермен онлайн кездесу өткіздім. Сол кезде олардың көпшілігі университеттің қабырғасында білім алғаннан ыңғайлы екенін айтты. Олар онлайн оқу барысында уақыттарын тиімді пайдаланып, оқуға деген жауапкершілігі артқандарын алға тартты. Бұрындары көп ішінде жусаннан аласа, бетегеден биік болып жүрген студенттер оқу оқып, өзін-өзі көрсеткен. Осылайша, онлайн оқу әрбір студенттің оқу оқып, білім алуға деген жауапкершілігін арттырды.

Ал онлайн оқудың ұнамаған жақтары ретінде студенттер «Күнделікті оқуға барып, достарымызбен араласып, ұстаздарымызбен ақылдасып тұрушы едік. Біз онлайн оқу кезінде осындай адами қатынастардың маңызды екенін түсіндік» деп өз ойларын жасырмай айтты. Бірақ жастар қашықтан оқыту еліміздің амандығы үшін қажетті шара екенін түсініп отыр.

– Жақында ғана мектеп бітіруші түлектер ҰБТ тапсырып, жоғары оқу орындарына түсуге талпыныс жасады. Биыл Абай атындағы ҚазҰПУ қанша білім грантына ие болды? Ие болған гранттарыңыз қоғамның сұранысымен үйлесе ме?

– Мемлекеттік грантты жеңіп алған бала қай оқу орнында білім алатынын өзі таңдайды. Сондықтан оқу орындарына арнайы грант бөлінбейді.

Абай атындағы ҚазҰПУ еліміздегі педагогикалық мамандарды даярлайтын көшбасшы оқу орыны болғандықтан, ұстаз болуды армандаған жастар біздің университетте білім алғанды жөн санайды.

Биыл республика бойынша жалпы 53 800 мемлекеттік грант бөлінсе, соның 7 700-ін педагогикалық мамандықтарды құрап отыр. Осылайша, мемлекетіміз болашақ педагог мамандар даярлау ісіне айрықша көңіл бөлуде. Абай атындағы ҚазҰПУ-ді қанша грант иелері таңдайтынын конкурс өткеннен кейін анықталады. Десек те, жыл сайын мемлекеттік грантты ұтқан 1500 жас біздің оқу орнын таңдайтынын білеміз. Биыл да осы деңгейде грант ұтқан жастарды қабылдаймыз деп жоспарлаудамыз.

– Алдағы уақытта педагогикалық мамандықтар бойынша оқуға түсетін талапкерлерді мұғалімдік талантына қарай іріктеу жүйесі енгізіледі дегенді құлағымыз шалып қалып еді. Бұл іріктеу қалай жүргізіледі?

– Осыдан бірнеше жыл бұрын қоғамда педагогикалық мамандықтарды таңдаған балалардың болашақта ұстаз болуға деген еркі, бейімі бар ма деген сұрақ туындаған болатын. Білім заңына өзгеріс енгеннен кейін педагогикалық мамандықты таңдаған талапкерлердің бәрі арнайы сынақ тапсыруды бастаған болатын.

Міне, содан бері біздің университет сол сынақты жылда ұйымдастырып келеді. Сынақ барысында талапкерлердің болашақта ұстаз болуға психологиялық тұрғыдан бейімін, педагогиканы қаншалықты түсінеді және педагогикалық шешімдерді қабылдауға бейімі бар ма деген сұрақтар төңірегіндегі сұрақтарға жауап береді.

Биыл жағдай өздеріңізге мәлім. Жастардың басын жинап, ондай сынақ өткізуге болмайды. Бірақ олардың осы сынақты онлайн режимде тапсыруына мүмкіндік беріп отырмыз. Күні бүгінге дейін педагогикалық мамандықты таңдаған 10 мыңнан астам талапкер осы сынақты тапсырып үлгерген.

– Такир Оспанұлы, сөзіңізді бөлейін. Бұл сынақты Абай атындағы ҚазҰПУ-ді таңдаған түлектер ғана тапсыра ма әлде жалпы педагог мамандар дайындайын оқу орындарында осындай сынақ бола ма?

– Бұл сынақ білім заңында атап көрсетілгендіктен, барлық педагогикалық оқу орындарында ұйымдастырылады.

Осы ретте мына бір мәселені айта кету керек. Әңгіме арасында біздің университетке педагогикалық бейімділігін анықтау бойынша 10 мыңнан астам бала сынақ тапсырғанын айттым ғой. Сынақты жақсы тапсырған балалардың бәрі біздің оқу орынға түспейді. Олардың арасында басқа оқу орындарын да таңдайтын талапкерлер бар. Біздің университет оларға осы сынақты онлайн тапсыруға мүмкіндік туғызған соң, олар осы мүмкіндікті пайдаланды.

– Айтпақшы, студенттерге бөлінетін мемлекеттік грант 2011 жылдан бері әлі бір тиынға өспегенін естіп едік. Сол рас па? Бүгінгідей инфляция жағдайында әрбір шәкіртке 448 мың теңге бөлу аз емес пе? 

– Бұл мәселе бірнеше жылдан бері жоғары білім беру саласындағы өзекті мәселелердің біріне айналған еді. Жалпы, мұны дұрыс байқағансыз. Бірақ биылдан бастап мемлекеттік гранттың қаржысы өсті. Айталық, осыған дейін жай университеттегі гранттардың көлемі 448 мың теңге болса, ұлттық статусы бар біз сияқты университеттердегі гранттың мөлшері 635 мың теңге болды. Биыл осы мәселе оң шешімін тауып, 448 теңгенің гранттары 901 мың теңгеге, ал ұлттық университеттердегі гранттың құны 1 082 000 теңгеге дейін ұлғайды.

– Осы мемлекеттік гранттың қаржысы қандай шығындарға жұмсалатынын тарқатып айтып берсеңіз?

– Мемлекеттік гранттың қаржысы оқытушылардың жалақысына, оқу барысын ұйымдастыру ісіне, оқу орын ғимараты мен жатақханаларды ұстауға және оқу ісіне қажетті жабдықтар мен жаңа технологиялар алуға жұмсалады. Осы ретте айта кетуіміз керек, жатақханаға тек эксплуатациясы үшін ғана бөлінеді. Ал қалған жатақхананың жарығы, жылуына студенттердің жамбаспұлынан түскен қаржы жұмсалады. Бізде жатақхананың жамбаспұлы арзан, жылына 30 мың теңгенің көлемінде.

– Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бастамасымен «Білім беру Альянсы» консорциумы құрылып, оның құрамына облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының білім беру басқармалары кірген болатын. Бұл консорциумның қандай жұмыспен айналысатынын тарқатып айтып берсеңіз?

– 2018 жылы облыстық білім бөлімі басқармаларымен бірлесіп «Білім беру Альянсы» консорциумын құрудағы негізгі мақсатымыз мектеп бітіруші түлектерге кәсіби бағдар беріп, жүрек қалауымен педагогикалық мамандықты таңдауына көмек көрсету болатын. Осы консорциумның арқасында көптеген жастар өздері сұраныстағы мамандықтары жайында мол ақпарат алып, дұрыс таңдау жасауына мүмкіндік алды.



Бүгінде консорциумның жұмыс ауқымы кеңейе түсті. Қазіргі таңда ұйым аясында облыстық білім басқармалары өздеріне қажетті педагогикалық мамандықтар жайында бізге сұраныс түсіретін болды. Біздер осы ұсынастарды пайдаланып, оқу бітірген жастарымызды жұмыспен қамтып отырған жайымыз бар. Осылайша, аз ғана уақыттың ішінде консорциум жастарға кәсіби бағдар беретін және оқу бітірген жас мамандарға жұмыс тауып беретін пайдалы ұйымға айналды.

Биылдың өзінде Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласынан және Алматы, Жамбыл облыстарынан 4 мың жас маманға сұраныс жасалынды. Осы сұранысты қанағаттандыру үшін өзге де оқу орындарының түлектерін тартып, жастардың жұмысқа қабылдауына жағдай жасағанымызды мақтанышпен айта аламыз.

Алдағы уақытта «Білім беру Альянсы» консорциумы аясында студент жастардың мектептерде өндірістік тәжірибеден өтіп, одан кейін арадағы байланыстарын жандандыра түсу мәселесін де шешуді ойластырып отырмыз.

Сонымен қатар келешекте еліміздегі педагогикалық оқу орындардың басын осы консорциум аясында біріктіріп, ортақ мәселелерімізді бірлесіп шешпек ойымыз да бар.

–  ҚР  «Педагог мәртебесі туралы» Заңы қабылданғанын білеміз, білім беру саласында ұзақ жыл жұмыс істеген тәжірибелі маман ретінде осы заң жобасына қатыстыңыз ба? Жалпы, бұл заң ұстаздар мәртебесін қаншалықты көтереді?

– Кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы ұстаздар мәртебесіне қатысты заң жобасын дайындау туралы ұсыныс тастағанда біздер қатты қуандық. Өйткені қоғамдағы ұстаздар қауымының орыны жайында көп айтылған еді. Біздің оқу орынның ғалымдары бұл заңның мәні мен мазмұнын жете түсініп, өз ұсыныстарын толықтай қағазға түсіріп, педагог мамандардың мәртебесі туралы заңның алғашқы нұсқасын ҚР Білім және ғылым министрлігіне жолдады. Осылайша, университет мамандары бұл мәселе көтерілген күннен бастап жаңа заңды дайындауға белсенді түрде араласты.

Осы заңға қатысты екі мәселені айта кетуді жөн санап отырмын. Біріншіден, ҚР  «Педагог мәртебесі туралы» Заңының қабылдануы біздің қоғам үшін үлкен оқиға деп бағалаймын. Өйткені біздер осы заңды қабылдап, елімізде ұстаздардың еңбегін қалай бағалайтынымызды көрсетіп бердік. Мұндай арнайы заң көптеген елдерде жоқ. Біздер бұл заң арқылы елімізде білім беру ісінің басым бағыттарының бірі екенін қолмен қойғандай көрсетіп бердік.

Екіншіден, заң арқылы ұстаздардың құқықтары мен міндеттерін ашық көрсетілгендіктен, жаңа заң Қазақстанның мұғалімдеріне үлкен жеңілдік әкелді деп нық сеніммен айта аламын.

Заңда ұстаздарды бөтен жұмысқа араластыруға тыйым салынатыны тайға таңба басқандай анық көрсетілді. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес алдағы төрт жылда еліміздегі ұстаздардың айлығы екі есе көбейетін болды. Бұдан басқа қазір педагогикалық оқу орындарында білім алып жатқан студенттердің стипендиясын 1,5 есеге көтеру – қоғамда педагог мамандардың мәртебесін көтеруге бағытталған маңызды шара деп есептеймін.

Алдағы бірнеше жылда жаңа заң ұстаздардың кәсіби деңгейі мен әлеуметтік жағдайының жоғарылауына кешенді түрде әсер ететіне сенімдімін.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқулықтарды цифрлы форматқа көшіруді тездетуді тапсырғанын білеміз. Бұл бағыттағы жұмыстар ҚазҰПУ-да қалай іске асып жатыр?

– Еліміздегі жоғары оқу орындары оқулықтарды цифрлы форматқа көшіру мәселесімен айналысып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстарға дайынбыз, әрі жүзеге асырудамыз. Жоғары оқу орындарында электронды оқулықтарды пайдалану мектептермен салыстырғанда біршама жеңіл. Студенттер электронды оқулықтарды қалауынша пайдалануда. Мұндай оқулықтар бізде бар.

Егер мектеп оқулықтарын толықтай электронды форматқа көшіретін болсақ, бұдан кейін сол оқулықтарды пайдаланатын планшет секілді өзге де құрылғылармен оқушыларды қамтамасыз етуімізге тура келеді. Десек те, оқулықтарды цифрлы форматқа көшірудің маңызы зор екеніне пандемия кезінде көзіміз анық жете түсті.

Бүгінде біздің университеттердің біраз ғалымдары орта білім саласына арнап оқулық жазады. Сондықтан алдағы уақытта цифрлы оқулықтардың болуы керек екенін қолдаймыз. Мұндай оқулықтар мемлекеттің қыруар қаражатын үнемдейді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасын таба береді.

Сұхбаттасқан Нұрлан ЖҰМАХАН.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар